Қытайда төтенше жағдай жарияланды – су тасқыны

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында төтенше жағдайдың жоғары деңгейі жарияланды. Кейбір аудандарда өзендегі су  соңғы 50 жылдағы рекордты деңгейге жетті. Мұнда мектептер, кеңселер мен өндіріс орындары уақытша жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзге де өңірлерде нөсер толастамай  тұр. Елдің оңтүстігі мен шығысындағы 5 провинция мен автономиялық аудан жапа шеккен. Қатты жауған жаңбыр мен су тасқыны кесірінен лай көшкіндері жүрді. Құтқарушылар күні-түні тынбай жұмыс істеп жатыр. Жалпы осындай жағдай жыл сайын қайталанып жүр және мамандардың пікірінше ахуалдың жақсаратын түрі жоқ.

Чао Цинчэнь, Мемлекеттік климат орталығының директоры:

- Көптеген зерттеулер ыстық күшейе беріп, үлкен аумаққа тарайтынын көрсетті. 2050 жылға дейін аптап ыстық кезеңдері болатын жердің ауданы төрт есе артуы мүмкін. Сол кезге дейін нөсер жауатын аудан да екі есе артады. Климаттың өзгеруіне қауіп төніп тұр, мұны қазірдің өзінде сезіп тұрмыз.

Бұл қатерге төтеп беру үшін Қытайда алғаш рет 2035 жылға дейін климаттың өзгеруіне бейімделудің ұлттық стратегиясы жарияланды. Сол кезге дейін елде түрлі табиғи апаттарды бақылау және ерте кезеңде алдын алу жүйесі құрылады. Жыл сайын одан Қытайдың 3 миллиондай тұрғынын зардап шегіп, ел экономикасы орта есеппен 45 миллирад доллар шығынға батады.  

Ботагоз Сыргабаева, корреспондент:

- Бейжіңде де жаңбыр маусымы басталды. Мұнда да кейде су тасиды, әсіресе шаһардың шеткі аудандарында. Мамандардың есебінше, биыл жазда жауын-шашын мөлшері әдеттегіден 40 процентке көп болмақ. Ыстық күндер саны да көбейіп, ауаның орташа температурасы 25 градус төңірегінде болады.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева