Ауғанстанда апиын өндірісі тоқтамай тұр

Ауған билігі есірткі өндірісіне қатаң тыйым салғанымен, елдегі апиын алқаптары әлі де азаймай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалардың жалғыз кіріс көзі осы болғандықтан, бәрі Гильменд провинциясындағы базарға барып, өз өнімін есірткі саудасымен айналысатындарға сатады. Келісі сапасына қарай 60-тан 112 долларға дейін бағаланады. Заңға бағынбай жатқандары да содан. Гильменд апиын саудасының ордасы саналады. БҰҰ-ның есебі бойынша, бүкіл Ауғанстанда өндірілетін көкнәрдің 62 пайызы дәл осы аймақтың үлесінде.

Мир Ахмад, апиын сатушы:

- Апиын тез бұзылатын тамақ емес. Оны ұзақ уақыт бойы үйде сақтап, сатуға болады. Бұл отбастарымызды асыраудың қамы, әрине. Күнкөрісіміздің қалай болатыны алатын өнімімізге байланысты.

2000 жылдары тәліптер билік басына алғаш келгенде есірткі өндірісіне тосқауыл қоймақ болды. Араға 20 жыл салып, Талибан қайтадан апиынға тыйым салып отыр. Сәуірде тәліптер аталған кәсіп түрінен толықтай бас тартуға дайын екенін мәлімдеді. Заңды бұзғандар қамалып, шариғат заңы бойынша жазаланатынын да жеткізді. Бірақ гуманитарлық дағдарыс пен азық-түлік тапшылығы орнаған уақытта заңсыз бизнес одан сайын қарқын алып барады.

Мавлави Абдул Ахад Фазли, Муса-Кала ауданының басшысы:

- Біреулердің өз үйінен апиын сататынын білеміз. Бірақ оны базарларда сатуға ешкімге рұқсат бермейміз.

БҰҰ дерегі бойынша, әлемдік апиын өндірісінің 80 пайыздан астамы Ауғанстанға тиесілі. Былтыр бұл елде өндіріс көлемі 8 пайызға артып, 7 мың тоннаға жеткен. Кей сарапшылардың айтуынша, Талибанның апиын көкнәріне тыйым салу жай ғана көзбояушылық. Олар осылайша қазіргі үкіметтің мойындалуын жылдамдатқысы келеді.