Флорида штатында алып питон ұсталды

Американдық биологтар алып бирмалық питонды ұстады. Жалпы шетелден ермек ретінде әкелінген бұл жануар түрі сүтқоректілер және бауырымен жорғалаушылардың кейбір түрімен қоректенетін қауіпті жыртқыш. Олар АҚШ-тың экологиялық жүйесіне  қауіп төндіріп тұрғандықтан олардың санын қадағалап отыру өте маңызды.

Флоридада осы штат тарихындағы ең ірі аналық бирмалық питон ұсталды. Салмағы 100 келіге, ал ұзындығы 5 метрге жететін аналық. Зерттеушілер тропикалық Эверглейдс саябағында оның ізіне түсті. Ал ұстап алу үшін Джи-Пи-Эс треккері тағылған Дионис атты аталық питонды қолданған. Аналық ішінен 122 жұмыртқа мен бұғының тұяқтары табылды.  

Ян Бартошек, биолог:

- Бұл Флорида штатында ұсталған ең ірі жылан. 122 жұмыртқасын таптық. Әдетте орта шамамен питондар 40 жұмыртқа салады. Осыған қарап қандай алып жылан екенін көруге болады. 

Флоридада мекендейтін бирмалық питондардың көбісінің ұзындығы 3 метр шамасында. 

Ян Бартошек, биолог:

- Осы жұмыртқалардан алып питондар өсер еді. Бұл жануарлар экологиялық жүйемізге қауіп төндіріп тұр. Сондықтан көбейіп кетпес үшін аналық питондарды құрту маңызды.  

Оңтүстік- Шығыс Флорида қорығының мамандары бирмалық питондармен 9 жыл бойы күресіп келеді. Санын азайту үшін аталық жыландардың көмегімен аналықтарды індерінен шығарады.