Түркияда орман өртеген адам өлім жазасына кесілуі мүмкін

Ел президенті Реджеп Тайип Ердоған осындай ұсыныс жасады. Себебі елдің оңтүстік-батысында тағы да алапат өрт болып жатыр. Мамандар төрт күннен бері қызыл жалынмен арпалысып әлек. Жергілікті прокуратураның айтуынша, тілсіз жау курорттық аймақтың бірталай алқабын жалмап кеткен. 

Осымен екінші жыл Мармарис үшін жазғы маусым оңай өтіп жатқан жоқ. Курортты аймақтың орман алқабында басталған өрт, желдің салдарынан ауыздықталмай отыр. Тілсіз жау қазірдің өзінде 800 гектар аумақты шарпыған. Барлығы шалғай аудандарда болғандықтан авиацияға баса назар аударылуда. Оған ондаған ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылды. Құтқарушылар өрт ошағына жақын орналасқан жүзден астам тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр болды. 

Вахит Киричжи, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:

- Жалпы 1148 өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды. Оның 453-і су шашатын көлік. 3800-ден астам қызметкеріміз күні-түні дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар да көмектесуде. Өрттің біраз бөлігі өшірілді. Бірақ нақты нәтижесін айту үшін бүгінгі күнді көруіміз керек. Сондай-ақ 61 тікұшақ пен 13 ұшақ тартылды. Катар мемлекетінен 3 тікұшақ, Әзербайжаннан бір ұшақ көмекке келді.

Орман өрті елде өзекті мәселе. Елдің төрт құбыласын теңіз қоршап тұрғанымен орман көп. Мәселені мемлекет басшысының өзі бақылауға алып, аймаққа арнайы барды. Ал тергеу нәтижесінде бір күдікті ұсталды. 34 жастағы азамат Мармарис маңындағы орманды қасақана өртегенін мойындады. Бұған бауырлары арасында мүлікке байланысты дау-дамай себеп болған көрінеді.

Сулейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:

- Өзі істегенін мойындады. Ол ашуға булығып, орманға өрт қойған. Тіпті өз-өзіне қол салмақ болған. Оқиға кезінде масаң күйде болғанын білдік. Бұл іс прокуратураға жөнелтілді. Шешімді сот қабылдайды. Дегенмен, табиғатқа зиян келтіру дерегі бойынша қатаң шара қолданылуы керек деп есептеймін. 

Түрік билігі курортты ауданда демалушыларға қауіп төніп тұрған жоқ, дейді. Бірақ теңіз жағалауында ыстың иісі сезіледі.

Түркия тарихы үшін былтырғы орман өртінің орыны бөлек. Қоршаған ортаны, оның ішінде орман қорын ойсыратып кеткен өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған билікті қоғам белсенділері мен оппозицция өкілдері сынға алған болатын. Бұл пікірмен ел үкіметі келіскен жоқ. Олар бір мезетте 58 провинциядағы 299 жерде өрттің тұтануы ешкім күтпеген жағдай екенін айтып, мәселенің ушығуына аптап ыстық пен желдің әсері болғанын алға тартқан. Түрік билігі курорттық ауданда демалушыларға қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Сондай-ақ...