Мармаристегі өрт бақылауға алынды – Түркия

Эгей теңізі жағалауындағы Мармарис курорты маңында шыққан өрт толық бақылауға алынды. Бұл туралы Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі Вахит Киришчи мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, табиғи апат салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сейсенбіде осы Мармарис аймағында өрт шығып, 4 жарым мың гектарды алып жатқан орман жанып кетті. Онда негізінен қылқан жапырақты ағаштар өсетін. Тілсіз жаумен күреске 61 ұшақ пен тікұшақ, соның ішінде шетелден келген арнайы топ жұмылдырылған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, орманды өртеп жіберді деп айыпталған 34 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынды.

Вахит Киришчи, ауыл шаруашылығы және орман министрі:

– Мармаристегі орман өрті толық бақылауға алынды. Салқындату жұмыстары бірнеше күнге жалғасады. Бұл өрттен абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Түркиядағы орман өрттерінің 88 проценті адамдардың кесірінен . Бұл абайсыздық, немқұрайлық немесе қасақана да болуы мүмкін. 55% ормандардан тұратын осындай географияда, туризм жұмағы саналатын Муғлада, еліміздің әрбір аймағында абай болуымыз керек. Бұдан былай орман өрті болмайды деген сөз емес, ең бастысы, осы өрттерге қырағылықпен мұқият қарап, мұқият әрекет етуіміз керек.

Түркияның тұмса табиғатының 29,4% -і орманды алқапы. Ел қоңыржай және субтропиктік климат белдеулердің арасында орналасқан. Ағаш көп болған соң өрт те жиі шығады. Енді президент Режеп Тайып Ердоған орманды қасақана өртегендерге қатысты өлім жазасын қарастыруды ұсынды.

Бекир Боздағ, әділет министрі:

– Біздің қолданыстағы заңнамаға сәйкес, орман өртегендерге берілетін бас бостандығынан айыру жазасының төменгі шегі 10 жылдан басталады. Жоғарғы шегі жоқ. Ұйымдасқан ұжымдық қылмыс аясында орманды өртегендердің қылмысы өмір бойына бас бостандығынан айыру. Әділет министрі ретінде бұл жазаларды қайта қараудың пайдасын көріп отырмыз. Президентіміздің нұсқауымен министрлік болып жұмысқа кірістік.

Сондай-ақ...