Украинадағы балалар қарулы қақтығыс жағдайында сабаққа барады

Ресми мәлімет бойынша Украинада қарулы қақтығыс салдарынан 330 бала көз жұмған. Сарапшылар шындығында бұл сан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады. 

Қарулы қақтығыс кезіндегі балалардың тағдыры

Украина, Киев облысы

Журналистика саласындағы тәжірибем жиырма жылға жуықтаса да Киев өңіріне жасаған сапарым кезінде өмірімде естімеген талай жантүршігерлік оқиға туралы біліп, жағамды ұстадым. Әсіресе Ворзель елді мекеніндегі балалар үйінде болған сұмдықты есту оңайға соқпады.

Ольга, балалар үйінің қызметкері:

- Біз ешқайда тығылмадық. Жасырынатын жер болмады. Осында болдық. Терезелерді көрпе секілді қолда бар заттармен жауып тастап отырдық.

Ворзель елді мекені, Клинова көшесі, 35 үй мекен-жайы бойынша орналасқан балалар үйі. 24 ақпан мен 9 наурыз аралығында мұнда мекеме қызметкерлері мен бір айдан сегіз жасқа дейінгі тәрбиеленушілер жасырынып отыруға мәжбүр болған. Өзінің екі ұлын Ресей жауынгерлері тұтқындап алып кетсе де Ольга Николайқызы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қиын жағдайда қалдырып кете алмағанын айтады.  

Ольга, балалар үйінің қызметкері:

- Күн суық кезде таңертең отын әкелу үшін далаға жасырынып шығатын едік. Төбемізден ұшақтар ұшатын. Әуежай шабуылданды. Мына көшемен 27 танк пен 26 брондалған әскери техниканың өткенін өз көзіммен көрдім.

Балалар үйінің Ольга есімді тағы бір қызметкері аттас әріптесімен бірге қиын жағдайда қалған бүлдіршіндерге күтім жасап, олардың қарулы қақтығыстан жапа шекпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық деп отыр. Ауыл тұрғындары да көмегін аямаған. Бірі тығылып жүріп су тасыса, басқасы газ баллондарын жеткізіп жәрдемдескен.

Ольга, балалар үйінің қызметкері:

- Бізде тығылатын жертөле жоқ, балалар үйінің ішінде жасырынып отырудан басқа амал қалмады. Атыс дыбыстарын естігенде, бала тұрмақ, өзіміздің зәреміз қашатын. Көршілеріміз ешкімге көрсетпей, арада жол салып қойған. Сол арқылы біз балаларға тамақ тасып отырдық. Сондай қиын кезде көмегін аямаған ауылдастарымызға риза болдық.

Тек тоғызыншы наурызда ғана Ворзель елді мекеніндегі балалар үйінің елуге жуық тәрбиеленушісі Черновцы өңіріне жеткізілген. Мекеме қызметкерлері жолда балаларға оқ тиіп кете ме деп қатты қорықса да тәуекелге бел буып, қашып шыққандарын айтады. Ресми Киев қазір мектеп жасындағы 651 мың баланың Украинадан тыс жерде жүргенін хабарлайды. Елде 2022-2023 жылғы оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Сабақ офлайн тәртіпте өтеді. Билік оқушылардың қауіпсіздігі бірінші кезекте екенін айтады. Сол себепті қазір білім беру мекемелерінің аумағын жарылу қаупі бар заттарға тексеру, эвакуациялау жолдарын белгілеу, бомбадан жасырынатын орындарды дайындау секілді шаралар пысықталып жатыр.