Өзбек-қырғыз шекарасында жер астынан қазылған тоннельдер табылды

Кейінгі 1 аптада өзбек-қырғыз шекарасында 3 жасырын жерасты жолы табылды.

Туннель арқылы қылмыстық топ заңсыз тауар тасымалдап келген. Әндіжанда осы оқиғаға қатысты Өзбекстанның 2 және Қырғызстанның 6 азаматы ұсталып, 6-дан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар бір мемлекеттің аумағынан екінші елге 1 млн 641 мың АҚШ долларын заңсыз алып өткен. Тексеру кезінде жерасты жолында жүк таситын жеделсаты мен электрлі арба табылды. Ал Ферғанадағы жағдай әлі тергеліп жатыр. Ұсталған азамат 2 мың 700 дана ұялы телефон тиелген көлікті шекарадан өткізбек болады. Алайда күдіктіні қауіпсіздік қызметінің өкілдері тоқтатып, үйін тексереді. Көрші елге қарай қазылған ұзындығы 130 метрлік тағы бір туннель сол жерден табылды.

Махлиё Валикулова, Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілі:

- Топ мүшелері құқық қорғау органдарының назарына ілікпес үшін байланыс құралдарын қолданған. Ірі көлемдегі валютаны еліміздің аумағына әкеліп, одан кейін жер асты туннелі арқылы Қырғызстанға немесе кері бағыт бойынша тасымалдап жүрген.