Томирис Байсафаның ісіне нүкте қойылды ма?

Қазақстанық Томирис Байсафаның өліміне қатысты сот ісі аяқталды. Мәскеудегі Измайлов сотының қазылар алқасы бірауыздан Мұртазали Меджидовты кінәлі деп таныды. Дағыстанның бұрынғы вице-премьерінің ұлы Томиристі терезеден итеріп құлатқаны дәлелденген. Төрт жылға жалғасқан іске нүкте қойылды ма? Әлде айыпталушы тарап аппеляциялық шағым түсіре ме?

2018 жылдың сәуірінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ішкі ауласында жатқан 21 жастағы Томирис Байсафа табылды. Кейіннен тергеу барысында қазақстандық студент қыздың осы ғимараттың төртінші қабатынан құлағаны анықталды. Ол кезде аудиторияда текі екі адам ғана болған. Бірі Томирис. Екіншісі Дағыстан үкіметінің бұрынғы төрағасы, беделді бизнесменнің ұлы Мұртузали Меджидов. Терезеден құлағаннан кейін 3 аптадан соң отандасымыз көз жұмды.

Алғашында тергеу комитеті "өз-өзін қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша іс қозғады. 2020 жылдың шілдесінде Мұртузали Меджидов Томиристің өліміне қатысты күдікті ретінде қамауға алынды. Алайда былтыр жазда өткен алғашқы қазылар соты оны ақтап шықты. Бірақ марқұмның ата-анасы бұған келіспей, шағым түсіреді. Айтуларынша, алқабилерге қысым көрсетілген. Сөйтіп, бұл іс қайта қаралуға жіберіліп, бір жылдан кейін сот Мұртузали Меджидовты айыпты деп таныды.    

Жанна Ахметова, Томирис Байсафаның анасы:

- Әбден шаршадық. Денсаулығым да сыр бере бастады. Расын айтайын, сот не шешсе, соны шешсін деп ойладым. Бастысы, мен өз отбасыма, еліме шындықты дәлделдей алдым. Томпи атына кір келтірмес үшін қалай күрескенімізді біледі. Сондықтан бұл жолы шағым түсірмейтін де шығармын деп ойлаған едім.

Томиристің анасы Жанна Ахметова 4 жыл ішінде Мұртузали Меджидов отбасының мүшелері көңіл айту үшін бір де бір рет келмегенін айтады. Егер олар кешірім сұраса, бұл істің қайта қаралуын талап етпес едім дейді әйел. 

Жанна Ахметова, Томирис Байсафаның анасы:

- Адамгершілік таныту керек. Сонда бәрі басқаша болар ма еді? Әділдіктің орнауы менің еңбегімнің жемісі. Бірақ мен мұны жеңіс деп санамаймын. Бұл үлкен қайғы. Кінәлі адам 13 жыл бойы түрмеде отырады. Кезінде келіп сөйлесу керек еді. Мен, менің отбасым, біз хайуан емеспіз ғой. Бәрін де түсінеміз. Қызым қайтыс болды. Бірақ оның абыройын сақтап қалу керек болды. Абыройдан асқан ешнәрсе жоқ. Солай емес пе? 

Енді Меджидов сот шешіміне аппеляциялық шағым түсіре алады. Алайда қорғаушлар бұл мүмкіндікті пайдалана ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Ал Томиристің анасы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының үстінен арыз түсіру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Айтуынша, мекеме қызметкерлері тергеуді жаңылыстырып, маңызды деректерді жасырған.  

Жұлдыз Атагельдиева, Дана Нуржан, Шахзод Гамиров