Өзбекстанда синтетикалық мұнай өндіріліп жатыр

Әлемде мұндай өндіріс ошағы санаулы ғана. Кәсіпорын құрылысы былтыр ғана аяқталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рауан Мыңбаев, тілші:

Әлемде синтетикалық мұнай өндіретін мемлекеттер қатарына Өзбекстан да қосылды. Шикізат қара алтын емес, табиғи газ. Көгілдір отынды мана заманауи зауытта терең өңдеуден өткізіп, керосин, дизель сынды жанар-жағармай түрлерін алып отыр. Мұндай өндіріс орнының саны әлемде бесеу ғана. Соның бірі көршімізде жұмыс істеп тұр.

Өзбекстан келешекте мұнай өңдеп, экспорттайтын алып нарыққа айналғысы келеді. Қойнауы көгілдір отынға бай болғанымен, қара алтынға келгенде қиналатын. Бірақ билік шикізат қат екен деп қол қусырып отырмады. Заманауи зауыт салып, GTL стандартты өндірісті іске қосты. Бұл маң 2017 жылы ен дала болатын. Құрылыс 48 ай жүргізілді. Зауытқа 4 Эйфиль мұнарасына тең темір қолданылды. 200 мың тоннадан астам бетон құйылды.

Тимур Рустамов, инженер:

Барлық процесті бағдарламалық құрал арқылы басқарамыз. Оператор осы жерде отырып, датчиктердің көрсеткішін бақылайды. Бағдарлама шетелдік. Зауыт алаңында да бірнеше жұмысшы жүреді. Олар өндіріс барысын көзбе-көз бақылап, тексереді.

Қазақстан Президентінің жыл басында отандық мұнай-газ саласы өкілдеріне қарата айтқан мысалына осы зауыт та түрткі болған еді. Өзбекстан үкіметі тәуелсіздік жылдары қара алтын өңдеу ісін ілгерілетті. Кеңес үкіметі кезінде бір ғана зауыт болатын. Қазір саны 10-ға жуық. Диспетчерлік қызметтен технологиялық процесс, зертханалық талдауға дейін маңызды шаруаны жергілікті мамандар атқарады.

Жамоладдин Лютфоллаев, бас менеджер:

Зертханамыз ең соңғы қондырғылармен жабдықталған. Газдың сапасын тексеріп, құрамынан зиянды элементтерді ажыратып синтетикалық мұнай өңдейтін кезеңге жібереміз. Дайын өнім осы маңда тексеріледі.

Синтетикалық мұнай экологиялық таза саналады. Көмірқышқыл газын дәстүрлі шикізатқа қарағанда аз бөледі. Кейін әуе керосині, дизельді отын және бензинге айналады. Қазір зауыт тек ішкі нарық сұранысын қанағаттандыруды көздейді. Қажетті көлемде синтетикалық мұнай жинақталған соң экспортқа бағытын өзгертуі мүмкін. Бірер аптада дизельді отынның 700 мың тоннасы биржалық саудаға шығарылады.

Одилжон Кәрімов, зауыт директорының бірінші орынбасары:

– Қазір қажетті көлемде шикізат жинақтап жатырмыз. Дизельді отын, керосин және нафта аламыз. Әуе керосинін әзірлеу сәл кейінге қалды. Қосымша өңдеу процесі керек. Дегенмен басқа өнімдерді шығаруды бірер күнде бастаймыз. Синтетикалық мұнай қоры жеткілікті.

Өзбекстанның мұнай-газ саласындағы жетістігі әлемдік энергетика саласы өкілдерін бей-жай қалдырмады. Көршіміз өндіріс саласында алға жылжыды. Субсидия және қаржының бір бөлігін үкімет, енді бір бөлігін қытайлық және кореялық банктер беріп жатыр. Зауытқа жалпы сомасы 3,4 млрд доллар инестиция жұмсалды. Бұған дейін мұнайды тек сырттан сатып алып келсе, енді отандық өнімді тұтынады.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов