G7 саммиті өтті

Бұл жолы үлкен жетілікке кіретін Ұлыбритания, Италия, Канада, Франция, Жапония және АҚШ басшылары Германияның Эльмау қаласында бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуге Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель мен Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен қатысып жатыр. Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Индонезия, Сенегал және Аргентина басшылары да шақырылды. Басқосуда Украиндағы қарулы қақтығыспен бірге жаһандық экономика, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және өзге де мәселелер қарастырылды.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Үлкен жетілік елдері экономиканың құлдырауы, инфляцияның шарықтауы, шикізат тапшылығы мен жаһандық логистиканың бұзылуы сияқты сан-түрлі мәселелердің ушыққанына алаңдайды. Проблемаларды шешу үшін нақты шаралар қабылданатынына сенімдімін.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық Комиссия Президенті:

- Әлемдік экономика енді қалпына келе бастағанда Ресей Украинаға басып кірді. Қарулы-қақтығыс барлық мемлекетте қымбатшылыққа әкеп соқты. Қазір азық-түліктен бастап энергия тасымалдаушылардың бәрі қымбат.  

Саммитте саясаткерлер Киевке қолдауды жалғастыра беретінін хабарлады. АҚШ пен Ұлыбритания Ресей алтынын импорттауға тыйым салуға шақырды. Вашингтонның есебінше, бұл Мәскеуді жыл сайын 19 млрд доллар кірісінен айырады. Ресей мұнайына жоғары баға енгізу де ұсынылды.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Біз Украинаға қолдау көрсету үшін барлық мәселелерді қарастырып жатырмыз. Бұл істе мемлекеттердің ұстанымы ортақ. Украинаға көмек беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.   

Саммитте талқыланған мәселенің бірі – ғаламдық инфрақұрылымды дамыту. G7 елдерінің көшбасшылары арнайы әріптестік құруды ұсынды. Жоба әл-ауқаты төме елдердегі инфрақұрылымды дамытуды көздейді. 2027 жылға дейін 600 млрд доллар құю жоспарланып отыр. Бастама Қытайдың 2013-ші жылы қолға алған «бір жол бір белдеу» бастамасына балама ретінде қарастырылады.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Жаһандық инфрақұрылым мен инвестицияның дамуына арналған бағдарламаны іске қостық. Қазірдің өзінде әлем бойынша ондаған ірі жобамыз бар. Оған АҚШ алдағы 5 жыл ішінде 200 млрд доллар қаржы бөледі. Бұл көмек немесе қайырымдылық әрекет емес. Бұл барлық тарапқа пайда әкелетін инвестиция.

Дегенмен үлкен жетілік елдерінің саясатына көңілі толмайтындар да бар. Солардың бірі табиғатты қорғаушылар. Дамыған елдердің климаттың өзгеруімен күресін сынға алған экобелсенділер наразылық акциясын өткізді.

Нико Вагнер, ереуілші:

- G7 елдеріне қарасаң, олар тек материалдық пайданы ойлайды. Ал біздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігімізге, климит өзгерісіне мүлде бас қатырмайды. Ірі кәсіпорындарды жекеменшік басқарудан мемлекет қарауына өткізу керек. Тек сонда экология мәселелеріне көңіл бөліне бастайды.

Жексенбі күні басталған ауқымды шара ертең аяқталады. Саммит қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жариялануы мүмкін.

Авторы: Дәурен Ақашұлы