Грузия азаматтарына өз елінде пәтер жалдап тұру қиындады

Грузия азаматтарына өз елінде пәтер жалдап тұру қиындап кетті. Бұған наурыз айында жылжымайтын мүлік бағасының күрт өсуі себеп болып отыр. Қазір нарықтағы жағдай тұрақтала бастады. Бірақ пәтер жалдау ақысы жергілікті тұрғындардың табысына сәйкес емес. 

Бұл Тбилисидегі ең беделді аудандардың бірі. Қазір мұнда пәтер жалдау өте қымбат. Наурыз айында баға үш есе артты. Өйткені Ресей, Беларусь және Украинадан мыңдаған мигранттар келген. Ал олар қала орталығында, ыңғайлы ауданда тұрғысы келеді. Бұған дейін мұнда бір бөлмелі үйді 300 доллар тұрса, қазір орташа баға бір мың долларға жетті.  

Елена Мечитова-Стерлинг, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

- Грузияда, негізінен Тбилисиде пәтер жалдау ақысы  30%-тен  50%-ке дейін өсті. Әсіресе бұл эконом класындағы пәтерлерге әсер етті. Өйткені олар ең арзан тұратын. Қазір оны жалдау екі-үш есе қымбаттады.

Бағаның өсуі Грузиядағы қарапайым тұрғындарға кері әсерін тигізді. Әсіресе студенттерге оңай соқпай тұр. Олар екі аптадан бері жатақханамен қамтамасыз етуді талап етіп, сессияны тұрғылықты ауданда немесе онлайн тапсыруға мүмкіндік беруді сұрайды. Артық пайда тапқысы келген пәтер иелері де жерлестерін аяйтын түрі жоқ. Шетелдіктерге қымбатқа тапсыру үшін жалға берген баспанасын босатуды талап ететін болған. 

Нана Мазанишвили, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Бір мезгіл Батумиде тұрдым. Ал Тбилисиге қайтап келгенде пәтер жалдау тым қымбаттап кеткенін көрдім. Пәтер иелері ең алдымен ақшаны ойлайтыны дұрыс емес. Әр пәтердің бағасы ең алдымен жергілікті тұрғындардың қалтасына сай болуы керек деп санаймын.

Жаз мезгілінде саяжайларды жалдау да қымбаттап кетті. Қаланың шетінде жер тамның бағасы 3 мыңнан 12 мың долларға дейін көтерілген. Алайда мамандар бұл уақытша құбылыс дейді. Өйткені келісім-шарттың 70 проценті жарты жылға жасалған. Ал мигранттар бұрынғыдай көптетеп келіп жатқан жоқ. Яғни күзге қарай пәтер жалдау ақысы арзандайтын түрі бар.

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили