G7 Ресейге қарсы қысымды күшейтеді

Бүгін Германияның Эльмау қаласында Үлкен жетілік елдері саммиті аяқталады. Биылғы ауқымды шарада Украинадағы ахуал мен азық-түлік дағдарысы басты тақырып болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе Мадрид қаласында басталған НАТО елдері басшыларының басқосуында да қарастырылады. Тараптар Украинадағы қарулы қақтығысты талқыға салады.  «Үлкен жетілік» көшбасшылары саммиттің екінші күні бірлескен мәлімдеме жариялады. Тараптар Украинаға қаржылай, әскери және дипломатиялық көмек көрсете беретінін мәлімдеді. Ресейге санкцияларды күшейтіп, маңызды өндірістік шикізат пен технологияны алу мүмкіндігін шектеуге уағдаласты.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

Біздің Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасымыз бір, ұстанымымыз ортақ. Қалыптасқан жағдайда дамушы елдерге қолдауды күшейтіп, климаттың өзгеруіне қарсы күреске қолдауды арттырамыз. 

Эльмаудағы саммит Үлкен жетілік пен Ресей арасы қатты ажырағанын көрсетті. Германия канцлері Олаф Шольц Мәскеумен қарым-қатынас ендігәрі бұрынғыдай болмайтынын айтты. Себебі Ресей Украинаға шабуыл жасаумен халықаралық қарым-қатынасты түбейгейлі өзгертіп жіберді.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

Біз Украинаға жан-жақты қолдауды жалғастыра беруге келістік. Бұл соғыс халықаралық қарым-қатынасқа үлкен соққы болды. Даму мен ынтымақтастыққа бағытталған барлық келісімшарт бұзылды. Әсіресе шекараларды күштеп өзгертпеу келісімі бүлінді. 

Басқосуға бейнебайланыс арқылы қатысқан Украина басшысы Владимир Зеленский Үлкен жетілік көшбасшыларынан әуе шабуылына қарсы кешендерді сұрап, Ресейге санкцияларды күшейтуге шақырды.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Біз қару-жарақ жеткізу бойынша келісімшарттарға қол жеткіздік. Енді серіктес елдер жылдам қимылдауы қажет. Себебі оларды жеткізудегі кез келген шектеулер Ресейдің әскери қимылдарды жалғастыруына мүмкіндік береді.