Өзбекстанда қаракөл қой шаруашылығы өркендеп жатыр

Науаи және Самарқан өңірі қаракөл қой шаруашылығына қолайлы аймақ. Аптап әрі құрғақтан жасыл-желек атаулыға жан біте бермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төл басы талғамай жейтін бірді-екілі көк бар. Біз тоқтаған шопандар үйі 30 тонна жабағы жүн жиып қойған. Алда күзгі күзем келе жатыр. Қожалық иесі жалпы саны 17 мың қойдан 40 тонна жүн алуды жоспарлап отыр. «Пайдасы теңгеге шаққанда 20 млн тең болады», - дейді ол.

Хамза Алауиддинов, зоотехник:

- Әр қойдан 1 жарым келі жүн қырқылады. Күзде 900 грамға жуықтайды. Сұрыптап барып, тұтынушыға сатамыз. Кейін зауыттан өнім шетелге экспортталады.

Самарқан өңірінде қаракөл шаруашылығымен айналысатын 7 қожалық бар. Отар-отар қой басын санағанда, 300 мыңға жетеді. Ал ел бойынша саны - 6 млн. Шопандар күндіз-түні дала кезіп, кәсіптің ауыр жүгін арқалап жүр.
Әнуар Рузиев, қожалық төрағасы:

- Шабындық алқапқа келдік. Қаракөл шаруашылығы комитеті  техника алуға көмектесті. Біздің қожалықта 30 отар қой болса, әрбіріне 1 мың дана шөп данасын таратып береміз. Жаңбыр биыл да көп болмады. Соған қарамастан өсіп шыққан көкті жинап жатырмыз. Былтыр 2 мың елтіріні Бұқарадағы кәсіпорынға өткіздік.

Көршілер тәуелсіздік алғаннан кейін қаракөл шаруашылығын сақтауға көп күш жұмсады. Басқа кәсіп түрлері секілді тасада қалдырған жоқ. Жем-шөпке әлі күнге субсидия беріледі. Бағасы екі есе арзан. Біздің елдегі жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда тәуір.
Атхан Ғазиев, Қаракөл қой шаруашылығы институтының бөлім меңгерушісі:

- Қаракөл қойы әлемнің 30-дан аса мемлекетінде бар. Қазақстан да соның бірі. Өткен ғасырдың 80 жылдары сіздерде 6 млн қаракөл төлі болатын. Дүниежүзінде бірінші орында едіңіздер. Қазір жағдай басқа.

Қаракөл қойының ерекшелігі климаты қатал аймақтарға бейім. Шөбі шүйгін болмаса да, керегін тауып жейді. Етінің құрамында майлылық деңгейі төмен. Терісі мен жүні бұрыннан бағалы. Өзбекстанда өткен ғасырда елтіріден киім тігетін фабрикалар жұмыс істеді. Қазір жабылып қалды. Есесіне өнімге шетелден сұраныс жоғары. Бұқарада әбден сұрыпталып, тікелей экспортқа жөнелтіледі.

Атхан Ғазиев, Қаракөл институтының бөлім меңгерушісі:

- Ауыл-ауылда осы төл басын ұстайтындар кооперативке топтасады. Елтірінің үш түрі сұранысқа ие. Бұқарадан келетін қара және сұр түстілері экспортталатын өнімнің 90 процентін құрайды. Осы кәсіпті дамытуға арналған ұсыныстарымыз мемлекет тарапынан қолдау тапты.

Бір кездері қаракөл санын рекордтық 6 млн-ға жеткізген Қазақстанда қазір тек 200 мыңы қалған деседі. Біздің елде бұл іспен айналысатын тіпті арнайы мекеме де жоқтың қасы. Ал Өзбекстанда қаракөл шаруашылығы институты ғана емес, мемлекеттік деңгейде комитет құрылған.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов