НАТО жаңа құжатында Қытайға назар аударғалы отыр

Бүгін Испания астанасы Мадридте НАТО елдері саммитінің екінші күні. Басқосуда Финляндия мен Швецияның мүше болуы түбегейлі шешіліп, НАТО-ның жаңа стратегиялық тұжырымдамасы қабылданады. Ақпарат құралдары тарихи деп баға берген альянс басшыларының кездесуі ұйымға қандай өзгеріс әкеледі?

Бұл НАТО-ның 36-саммиті. Күн тәртібінде Украинадағы ахуалға байланысты әскери-саяси одақтың қорғанысын күшейтуден бастап, Финляндия мен Швецияны қабылдау және тағы басқа мәселелер тұр. Кездесудің алғашқы күні күтпеген жаңалықпен басталды. Кеше НАТО Бас хатшысының қатысуымен Түркия, Швеция, Финляндия төрт жақты меморандумға қол қойды. Анкара екі елдің одаққа мүше болуына келісімін берді. Енді бүгін ұйым қос елді ресми түрде одаққа шақырып, ары қарай қабылдау процесі жүзеге асырылады. 

Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы:

- Мен Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуына жол ашатын келісімге қол қойылғанын хабарлағым келеді. Онда Финляндия мен Швеция Түркияның ұлттық қауіпсізідігіне қатер төндіретін мәселелермен күресін толық қолдайтынын жеткізді. 

Саммитте қарастырылатын басты тақырыптың бірі Украинадағы қарулы қақтығыс. Бұл әскери-саяси одақ басшылары кездесуінің негізгі себебі десе болады.

Олаф Шольц, Германия Канцлері:

- Ресей Украинаға қарсы әскери қимылдарымен оның тұтастығы мен егемендігін бұзды. Сондықтан осы жерде бас қосып жатқан елдер мен өзге мемлекеттер Украинаны қару-жарақ және өзге де жолдармен қолдап жатқаны орынды. Біз Украинаға көмекті қанша қажет болса сонша уақыт көрсетеміз.  

Президент Владимимр Зеленский НАТО елдеріне бейнебайланыс арқылы үндеу жолдады. Ал Украина Сыртқы істер министрі Альянс елдеріне осы уақытқа дейін қолдағаны үшін алғыс айтты.

УКРАИНА, КИЕВ

Дмитрий Кулеба, Украина Сыртқы істер министрі:

- Біз осы уақытқа дейін көрсетілген әскери көмек үшін алғыс айтамыз. Бірақ майдан алаңы қазіргіден көп қару-жарақ қажеттігін көрсетті. Әсіресе одақтастарымызға бұл істе жылдам қимылдаудың маңыздылығын айтқымыз келеді. 

ИСПАНИЯ, МАДРИД

Саммитте НАТО жаңа стратегиялық тұжырымдамасын қабылдауға ниетті. Онда Ресей әріптес емес енді қарсылас ел ретінде қарастырылмақ. Альянс өзінің шығыс қапталындағы бөлімдерін күшейтпек. Одақтың шұғыл әрекет ету күштерінің санын 40 мыңнан 300 мыңға жеткізу көзделіп отыр.  

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Біз НАТО-ның стратегиялық тұжырымдамасын жетілдіріп, одаққа мүше елдердің әрбір қарыс жерін қорғау үшін бірлігі мен шешімі берік екенін айтамыз. Финляндия мен Швецияның қосылуы одақты одан әрі күшейтіп, қауіпсіздігін арттыратынына сенімдімін.

Жаңа тұжырымдамада Қытайға да көп назар аударылғалы отыр. Альянс алғаш рет Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия және Жаңа Зеландия басшыларын саммитке шақырды. Қытай бұл НАТО-ның Азия-Тынық мұхитына кеңеюді жоспарлап отырғанын көрсетеді деп сынға алды.   

ҚЫТАЙ, БЕЙЖІҢ

Чжао Лицзянь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- НАТО-ның стратегиялық тұжырымдамасы – бұл түрін өзгерткен ескі ұстаным. Ол қырғи қабақ соғысы кезіндегідей жорамалды жауды құрып, қарсы тұруды қоздыруға бағытталған. Қытай тәуелсіз бейбіт сыртқы саясатты жүргізіп келеді. Біз ешбір елдің ішкі ісіне араласпаймыз. Қытай қалай жүйелі сын-қатер деп танылады?

НАТО жаңа тұжырымдамасында Ресей мен Қытайға қатысты ұстанымын қатаңдататыны анық. 2010 жылғы құжат бойынша Ресей стратегиялық серіктес деп көрсетілсе, Қытай тіптен ескерілмеген еді.

Дәурен Ақашұлы