476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Италияда су тапшылығы диқандарды тығырыққа тіреді

  • 158
  • UPD: 07:59, 30.06.2022
Италияда су тапшылығы диқандарды тығырыққа тіреді

Әлемде құрғақшылық белең алып, көптеген су қоймасы тартылып, ауыл шаруашылығына орасан зиян келіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Италия биыл күріш өнімінің 40 процентінен айырылуы мүмкін. Аргентиналық диқандар да шығынға бататын түрі бар. Судың да сұрауы бар. Италияда шаруалар су тапшылығына алаңдаулы. Әсіресе күріш шаруашылығымен айналысатындар. Құрғақшылықтан көбі сапалы және мол өнімнен күдер үзе бастаған. 2-3 күнде қажетті көлемде су болмаса, егістік түгел құрдымға кетеді, – дейді диқандар.

Стефано Бондесан, Батыс Сезия суару қауымдастығының президенті:

– Әдетте осы уақытта бізге По өзенінен секундына 260 мың литр су түсіп тұратын. Бірақ қазіргі көлем секундына 30-60 мың литр аралығында ғана. Бірер күн бұрын тіпті 30 мың литр түскен еді. Жауын түсіп, су көлемі артқандай болды. Бірақ соның өзінде әдеттегі нормадан 7 есе аз.

Құрғақшылықтың салдары мұхиттың арғы бетінде де қатты білінеді. Аргентинада аптап ыстық салдарынан диқандардың сепкені бос кете ме деген қауіп көп. Топырағы құнарлы деген аудандардың өзінде егін еңкіш тартып, күюге айнала бастаған. Себебі температураның көтерілуі ылғалды жойып жіберген. Көптен бері дәл мұндай сараң¬дық танытып көрмеген та¬биғат¬тың тосын мінезіне шындап алаңдаушылық танытқан шаруалар енді бидай орнына сояға көшіп жатыр.

Хуан Франциско Аррегуи, шаруа:

Биылғы маусым бидай егуге қолайсыз. Қауіп көп. Сондықтан қайда, не егу керегін жақсылап ойлану қажет. Егін бітік шығатынына, мол өнім алатыныңызға сенімді болуыңыз керек.

Күннің ыстығы мен топырақ қабатындағы ылғалдың азайып кеткенін ресми орындар да мойындап отыр. БҰҰ дерегі бойынша кейінгі 7 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық кезең болып есептеледі. Ал бұл ауылшаруашылық дақылдарының өсіміне теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Хабар 24 телеарнасы