Ресей бар күшін Донбасс аймағын ұстап тұруға жұмсауы мүмкін – Сарапшылар

Ресей әскері Змеиный аралынан кетті. Кремль ол жақтан өз еркімізбен кеттік деп мәлімдеді. Ал Киев бұны Ресей әскерінің жеңілісі деп бағалады. Змеиный аралының әскери жанжалдағы маңызы қандай?

Жыланды аралы Қара теңіздегі шағын ғана құрлық. Аумағы кішкентай болса да, ол жердің Украина үшін ғана емес, сондай-ақ НАТО-ға мүше Молдова мен Румыния үшін де стратегиялық маңызы айрықша. Бұл туралы Кремльдің өзі бірнеше рет айтқан болатын.

Юрий Швыткин, РФ Мемлекеттік Дума депутаты:

- Біріншіден, ол Одесса облысындағы жағадан шамамен 35, ал Одессадан 100-ден сәл асатын шақырымда орналасқан. Екіншіден, Болгария, Румыния, Польшадан шыққан кемелер тек "Жыланды" аралы арқылы ғана өтеді. Сондықтан бұл аралға кім ие болса, аталған теңіз жолы соның бақылауында болады.

Ресей қақтығыс басталған бетте осы аралды басып алды. Ал әлемге әйгілі тіркесті айтқан украин сарбаздары тұтқынға түсті. Содан бері 4 ай бойы Украина әскері аралды үнемі атқылап, тіпті сәуірде Қара теңіз флотының маңдайалды крейсерін суға батырып жіберді. 

РЕСЕЙ

Аралдан кеткенін Ресейдің Қорғаныс министрлігі растады. Осылайша Кремль Біріккен Ұлттар Ұйымының Украина аумағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару үшін гуманитарлық дәліз құру әрекетіне кедергі келтірмейтінін көрсеткісі келеді.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі:

- Бұл шешімнен кейін Киев Ресейді Қара теңіздің солтүстік-батысындағы астықты экспорттауға кедергі келтіріп, азық-түлік дағдарысын тудырып отыр деп кінәлай алмайды. Ендігі кезек Украина жағында. Олар Қара теңіз жағасын миналардан тазартуы қажет.

УКРАИНА

Бірақ Украина ппрезиденті Владимир Зеленский "жау қайтадан шабуы мүмкін" екенін жоққа шығармайды. Сондықтан аймақта қауіпсіздік орнайды деуге әлі ертелеу.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Бүгінгі басты жаңалық - "Жыланды" аралы. Ресей кемесі кірген сәттен бастап біз ол жақты үнемі талқылаумен болдық. Олар енді ол жерден кетті. "Жыланды" аралының стратегиялық мәні зор. Ол жер Қара теңіздегі бүкіл жағдайға әсер ете алады.

Украина әскерінің толассыз шабуылына төтеп беру аралдағы Ресей әскеріне оңайға тимеді. Сондықтан сарапшылар Кремль бар күшін Донбасс аймағын ұстап тұруға жұмсап, соны қанағат тұтуы мүмкін деп пайымдайды.

Ернат Қашқынов