Қырғызстан қарыз қыспағынан қалай шықпақ

Қырғызстан Қытайға қарызын өтемесе, ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық нысандарынан айырылып қалуы мүмкін. Бұл туралы ел Премьер-министрі Ақылбек Жапаров мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысының Парламент депутаттары алдында бұлайша дабыл қағуына негіз жоқ емес. Себебі алдағы 5 жылда қарыз бойынша ең ірі төлемдер жасалып бітуі керек. Бішкек жылу электр станциясы, «Датка-Кемин» жоғары вольтті электр жеткізу желісі және Солтүстік-Оңтүстік балама жолы. Қырғызстан дер кезінде қарызын өтемесе, тап осы нысандар сыртқы басқаруға ауысуы мүмкін. Оларды салу мен жөндеуге қажетті қаражат Қытайдан несиеге алынған болатын. 2012 жылы Қырғызстан жоғары вольтті электр жеткізу желісі және Кемин және Датка станциялары құрылысына 390 миллион доллар алған. Ал бір жылдан кейін Қытайдың экспорт-импорт банкі Бишкек жылу станциясын қайта құруға 386 миллион доллар бөлді.

Ақылбек Жапаров Қырғызстан Премьер-министрі:

Турасын айтсақ, Қытай экспорт-импорт банкі таңдаған компания осы кәсіпорындарды басқарады. Жақында Пәкістан мен Шри-Ланкадағы жағдайды бәріміз көрдік. Бұл тұсаудан құтылуымыз керек. Бәріміз жұмылып, осы мәселені шешуге тиіспіз.

Энергетикалық нысандар салынып бітсе де, Солтүстік-Оңтүстік балама жолының құрылысы әлі аяқталған жоқ. 2015 жылы Қытай үкіметінен 300 миллион доллар мөлшерінде бастапқы несие алу туралы келісімге қол қойылғаннан кейін жол құрылысы басталды. 433 шақырымдық жолдың жалпы құны – 850 миллион доллар. Үш кезеңге бөлінген жобанын бүгінде екі кезеңі аяқталды.

Бақыт Бакетаев, саясаттанушы:

Премьер министр елге төнгелі тұрған қатер туралы ескерткісі келген секілді. Қабылданып жатқан шаралар оның да көңілінен шықпайтыны анық. Бірақ қаражатты табу үшін осылай жасауға мәжбүр. 

Соңғы дерек бойынша Қырғызстанның сыртқы қарызы 4 миллиард 221 миллион доллар. Оның 42 процентін Қытай алдындағы борыш құрайды. Келесі жылдан бастап қарызды өтеуге кететін қаражат мөлшері күрт өседі. Ал 2027 жылдан бастап Қытайға жыл сайын 400 миллион доллардан төлеуге тиіс.

Авторы: Бақыт Чермашев