Сеулдегі келіссөздерде қазақстандық компаниялар 5 меморандумға қол қойды

Сеулдегі келіссөздерде қазақстандық компаниялар 6 бірдей медициналық техника өндірушімен ынтымақтастық туралы 5 меморандумға қол қойды. Мұнда қазақстандық және корея тарапы форум өткізді. Мұндағы келісімдер біздің елде бірқатар өндіріс орындарын ашуға сеп болмақ.

Атап айтқанда, екі ел өкілдері Ақтөбедегі компания базасында рентген аппараттарын бірлесіп шығаруға келісті. Қазақстан осы орайда медициналық және фармацевтикалық кластер құру және дамыту бойынша корей тәжірибесін зерттеп жатыр.

Айгүл Сыздықова, «СК-Фармация» басқарма басшысы:

- Бізді Корея Республикасындағы фармацевтикалық нарықтың қарқынды өсуі таң қалдырды. Соңғы жылдары жаңа жаһандық дәрі-дәрмектер мен технологияның нәтижесінде оның экспорт көлемі 20 миллиард АҚШ долларынан асқан. Қазір Қазақстан геосаяси жағдайға байланысты жергілікті фармацевтикалық өндірісті дамытуға және саланы цифрландыру бағытында ілгерілетуге үлкен мән беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың үлесін 50 процентке дейін жеткізу керектігін атап өтті.