ДДСҰ: маймыл шешегі белең алды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегіне байланысты шұғыл отырыс өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені мамандар оның тез таралуына алаңдаулы. Соңғы дерек бойынша ауруды жұқтырғандар саны 6 мыңнан асады. Бұл екі апта бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Маймыл шешегі – сирек кездесетін инфекциялық ауру. Науқастың дене қызуы көтеріліп, буындары сырқырайды, денесі бөртіп кетеді. Бұған дейін ол негізінен Африка елдерінде тіркеліп келген. Алайда биыл мамырдың басынан бері өзге құрлықтарда да тез тарап барады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

– Бізді маймыл шешегінің тез таралуы алаңдатып отыр. Қазір ол әлемнің 58 елінде тіркелген. Деректердің дені, шамамен 80 проценті Еуропада расталып жатыр. Алдағы 10 күн ішінде шұғыл отырыс өткізу жоспарда бар. Онда мамандар қазіргі ахуалға қатысты өз бағасын береді. Бірақ керек болып жатса, шұғыл отырыс одан да ерте уақытқа белгіленуі мүмкін.