Германияда энергетикалық дағдарыс болады – Сарапшы болжамы

Сарапшылар осындай болжам айтты. Қазір билік ел тұрғындарын энергияны үнемдеуге шақырып жатыр. Үкімет қандай шаралар қабылдайды? Германия қоймаларында қанша газ көлемі сақталған?

Ресейден Еуропаға газ импорты 30%-тен аса төмендеді. Ал АҚШ-тан жеткізілетін сұйытылған газ көлемі үш есе артқан. Дегенмен, Германия әлі де ресейлік қуат көздеріне тәуелді. Маусым айында «Газпром» елге жеткізетін газ көлемін едәуір қысқартты. Ал келесі аптада ,,Солтүстік ағын,, газ құбырын уақытша жабатын болды. Ресми жариялаған себебі 10 күнге жалғасатын жоспарлы профилактикалық жұмыстар. Алайда кейбір неміс сарапшылары саяси себеппен бұл жұмыстар одан ұзаққа созылып кетуі мүмкін дейді.

Роберт Хабек, Германия экономика және климатты қорғау министрі:

- «Солтүстік ағын-1» құбырымен жеткізілетін газ көлемі қысқарғанын көріп тұрмыз. Бір рет осылай жасаса, мұны тағы қайталауы мүмкін. Еуропа заңына сәйкес ең алдымен аса маңызды инфрақұрылым мен қарапайым тұтынушылар газбен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл заңды бұзбаймыз және газ тапшылығын болдырмау үшін бар күшімізді саламыз.

Қазір газ қоймалары 63%-ке толған. Германия ресейлік газға деген тәуелділіктен құтылуға тырысып отыр. Жаңа жеткізушілерді іздестірумен қатар сұйытылған газ қабылдайтын 4 терминал салмақшы. Оның көмегімен АҚШ-пен өзге елдерден көгілдір отынды импорттауға болады. Бремен қаласының маңындағы алғашқы терминалдың құрылысы биыл аяқталуы керек. Ол жылына жеті жарым миллиард текше метр газ қабылдай алады. Ал әзірге үкімет халықты энергия үнемдеуге шақырды. Өз кезегінде  билік те үлгі көрсетіп отыр.  

Роберт Хабек, Германия экономика және климатты қорғау министрі:

- Министрлігімізге келетін болсақ, біз өз еркімізбен бөлмелеріміздің жылыту мен суыту ережелерін өзгертуді шештік. Суық кезде 20 градусқа дейін жылытады. Жазда 26 градустан асқанда ғана, салқындатылады. 

Бизнес те үнемдеу үндеуіне құлақ асты, мысалы қалалық хауыздарда су температурасын екі градусқа төмендетті. Сондай-ақ ғимараттарды жарықтандыру жағынан да үнемдеуге көшті.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский