Нүкістегі жаппай наразылық шарасы кезінде зардап шеккендер әлі ауруханада жатыр

Нүкістегі жаппай наразылық шарасы кезінде зардап шеккен 243 азаматтың 94-і әлі ауруханада, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қазақстандағы Өзбекстанның елшісі Саидикрам Ниязходжаев мәлімдеді. Елші елордада баспасөз мәслихатын өткізіп, қаза тапқандардың саны өспегенін айтты. Бұған дейін 18 адамның  көз жұмғаны белгілі еді. Қазір тергеу мүддесіне сай оқиғаның мән-жайы құпия күйде қалып отыр. Анығы тәртіпсіздікке  сыртқы күштердің қатысы бар,- дейді елші. Ұсталғандардың арасында шетел азаматтары да анықталды. 

Саидикрам Ниязходжаев, Қазақстандағы Өзбекстанның Төтенше және өкілетті елшісі:

- Телеграмм каналдарда тараған жалған хабарламаларды алдын- ала бәз біреулер дайындады ғой. Елдің жаңа Конституциясына ұсынылған өзгерістерді олар қабылданды деп жеткізген. Бұл халықтың талқысына салынғанын түсіндірмеген. Оны біреулер басқарып отырған. Жуырда біз барлық дәлелді жария етеміз. Сіздерді қайта жинап бейнежазбаларды көрсетеміз.