Испанияда электр энергиясы 212%-ке қымбаттады

Испанияда электр энергиясы 212%-ке қымбаттады

Энергетикалық дағдарыстың зардабын тартып отырған өңір - Еуропа. Жақында Ұлыбританияда жанармай бағасы рекордтық көрсеткішке жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Чехияда да ұқсас жағдай. Испанияда да бір жылда оның құны шамамен 45 процентке өскен. Былтыр наурызда А95 маркалы жанармайдың бір литрі 1,29 еуро тұрса, қазір ол 2 еуродан асып кеткен. Бұл 1000 теңге шамасында. Елде сұйық отыннан бөлек электр энергиясының да бағасы өскен. Былтырмен салыстырғанда, қуат құны 212 процентке артыпты.

Жуан, Боржас-Бланкас қаласы мэрінің орынбасары:

- Қиын жағдайға тап болдық. Қалада аптап ыстық, тұрғындар желдеткішті көп қолданады. Ал баға күн емес, сағат сайын құбылуда.

АҚШ-ТА БИЛІК ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ҮНЕМДЕУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Ал АҚШ-та электр энергиясының тапшылығы туындады. Техас штатының билігі тұрғындарды оны тұтыну мөлшерін үнемдеуге шақырады. Соңғы рет жергілікті жұртқа тиісті ескерту мамырда жасалған. Ол кезде күн қатты ысып кетіп, электр энергиясын тұтыну  артқан еді. Қазір де күн шыжып тұр. Биліктің ескертуі  кәсіпорындарға да қатысты. Бұл ретте Техастағы майнерлер биткоин шығаруды уақытша тотатты. Өйткені ол көп электр қуатын қажет етеді.       

Майкл Веббер, профессор:

- Штаттың басым бөлігі өзге аймақтардың энергия жүйелеріне тәуелді. Мәселен,  Оклахома немесе Луизианада электр қуаты жетіспесе, оны көршілес штаттардан импорттай салады. Ал артығымен өндірілсе, онда энегияны басқаларға экспорттайды. Біздің штатта энергия жүйесі оқшау болғандықтан, энергияны өзгелерден импорттау қиынға түседі.

АҚШ-ТА ЖАНАРМАЙ ӘЛІ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Осы АҚШ тұрғындарын жанармайдың қымбаттауы да әбігерге салып отыр. Жаз басталғалы талай мәрте оның бағасына қатысты рекорд орнатылды. Жақында Президент Джо Байден жанармай құю бекеттерінің иелерін сұйық отын бағасын көтермеуге шақырған. Нәтижесінде оның құны сәл де болса арзандады. Алайда сарапшылар бұл уақытша екенін айтады. Өйткені қазір жаз маусымы. Демек демалысқа шыққан жұрт ары-бері көп қатынайды. Тиісінше жанармайға деген сұраныс та әлі жоғары болады. Жалпы сұйық отынның қымбатттауы бүгінде АҚШ пен Еуропа елдерінен бөлек Австралия, Латын Америкасы мен Африка мемлекеттерінде де байқалып отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева