Ұлыбританияда үкімет басшысы кім болады?

Ұлыбританияда Премьер-министрдің орны үшін таласқа кімдердің түсетіні белгілі болды. Бірінші турдан барлығы 8 үміткер өтіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– 7 шілдеде басы даудан арылмаған үкімет басшысы Борис Джонсон қызметінен кететіндігі туралы мәлімдеді. Отставканы оның партияластары, тіпті қарамағындағы министрлер де талап етті. Наразылық білдірген елуге жуық мемлекеттік қызметкердің қатарында бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак та болған. Қазір ол билік үшін таласқа түсушілердің көшін бастап тұр.  

Сунактың ата-бабасы ертеректе Үндістаннан Шығыс Африкаға, ал 1960 жылдары Ұлыбританияға көшіп келген. Оксфорд университетінің түлегі тұрғын-үй комуналдық шаруашылық министрінің көмекшісінен бастап, қаржы министрі қызметіне дейін көтерілген. Сунак басқалар сияқты салықты тез арада төмендеткісі жоқ және сайлауға түскен бәсекелестерінің мұндай мәлімдемелеріне құлақ аспауға шақырады. Алдымен инфляцияны тежеу керек дейді ол.

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрлігіне үміткер

– Менде ел экономикасын қайта қалпына келтіруді көздейтін жоспар бар. Бізге дәстүрлі консервативті экономикалық құндылықтарға оралу керек. Бізге ертегі емес, адалдық пен жауапкершілікті ту ету керек. Салықтарды азайтуға уәде беретіндерге сенуге болмайды.

Ал оның негізгі қарсыластарының бірі сыртқы істер министрі Элизабет Трасс керісінше, бизнеске салынатын салық мөлшерлемесін қайта қарауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол Владимир Путиннің Ресей Украина қақтығысында жеңіліске ұшырауына бар күш-жігерін салатындығын айтады.

Элизабет Трасс, Ұлыбритания Премьер-министрлігіне үміткер:

Алдағы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Британ халқына қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Біздің еліміз үшін ең жақсы күндер алда екенін білемін. Мен болашаққа нық қадам жасап, өзгерістер әкеле алатын және тындырымды жұмыс істейтін кандидатпын.

Асығы алшысынан түсуі мүмкін үміткерлердің енді бірі – Пенни Мордонт. Ол да бірқатар министрліктің тұтқасын ұстап үлгерген саясаткер. Ұлыбритания тарихында қорғаныс министрі қызметін атқарған алғашқы әйел. Мордонт өмір сүру деңгейінің өсуіне алаңдайды және ел экономикасын қайта қалпына келтіруге уәде береді. Сарапшылардың пікірінше, 8 үміткердің ішінде Риши Сунактың билікке келу ықтималдығы жоғары.

Джонатан Тондж, Ливерпуль университетінің саясаттану профессоры:

Келесі Премьер-министр болып Риши Сунак сайланады деп ойлаймын. Дауыс үлесі 51/49 болуы мүмкін. Өйткені Лиз Трасс та билік партиясының мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста. Консервативті партияның мүшелері салықты төмендетуге емес, Брексит мүдделерін ілгерілетуге құлықты. Ал Сунак Трассқа қарағанда бұрыннан Еуроодақтан шығуды қолдап келеді.

Консервативті партияның үш жүз елу сегіз депутаты екі кандидаттың есімі анықталғанша бірнеше рет дауыс береді. Соңғы екі үміткер келесі аптаның аяғында белгілі болмақ. Ал үкімет басшысының есімі 5 қыркүйекте жарияланады. Жеңімпазды Консервативті партияның 100 мыңға жуық мүшесі дауыс беру арқылы анықтайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы