Түркияда астық мәселесі бойынша үйлестіру орталығы құрылады

Түркияда астық мәселесі бойынша үйлестіру орталығы құрылады

Бұл туралы Ыстамбұлда өткен төртжақты кездесуден кейін Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі аптада Мәскеу мен Киев «астық мәселесін» талқылау үшін Ыстамбұлда қайта бас қоспақ.

Хулуси Акар, Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі:

- Ыстамбұлда барлық тараптардың өкілдері қатысатын үйлестіру орталығын құру, порттан шығу және келу пункттерінде бірлескен бақылауды жүзеге асыру, астық және басқа да өнімдерді тасымалдайтын кемелер бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі техникалық мәселелер келісілді. Біз барлық тараптардың келісімге келуге дайын екенін көріп отырмыз. Біріккен Ұлттар Ұйымымен үйлестіру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге үміттіміз. Осыған байланысты келесі аптада Украина мен Ресей делегаттары Түркияда қайта кездесуге келісті. Осы жағдайға қатысты консенсус қаралып, келісімге қол қойылады.

Жалпы Украиналық бидай мен басқа да астықтың 90%-ы әлемдік нарыққа теңіз арқылы жөнелтіледі. Дегенмен, қазір Қара теңіз жағалауындағы порттар Ресейдің блокадасында қалып, үлкен мәселе туындаған болатын. БҰҰ бас хатшысы Ыстамбұлдағы жиынды «маңызды әрі нәтижелі қадам» деп есептейді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Мен ресми Мәскеу мен Киевке мәселені шешудің әртүрлі нұсқаларын ұсындым. Көптеген серіктестермен үнемі жұмыс істеп, келіссөздер жүргізіп келеміз. Прогресс үшін әлі де көп техникалық жұмыстар атқарылуы керек. Бірақ жағдай анық: түптеп келгенде барлық тараптар бұл жағдайды шешуге ұмтылуда.