АҚШ-та азық-түлік 12 процентке қымбаттады

Әлемді қымбатшылық қыспаққа алды. АҚШ-та инфляция кейінгі 41 жылда болмаған көрсеткішке жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан азық-түлік бағасы өсіп, тегін тамаққа мұқтаж америкалықтардың қатары артқан. Калифорниядағы Азық-түлік банкінде ұзын-сонар кезек. Басқа штаттарда да жағдай мәз емес. Маусым қорытындысы бойынша елде инфляция деңгейі кейінгі 41 жылда болмаған жоғары көрсеткішке жеткен. Коммуналдық қызмет ақысы мен жанармай бағасы шарықтап кетті. Азық-түлік құны 12 процентке өскен. Соңғы рет мұндай жағдай 1979 жылы тіркеліпті. Сондықтан Азық-түлік банктерін жағалаған америкалықтардың қатары артып барады. Бұл қайырымдылық ұйымы өндірушілерден азық-түлік жинап, оны мұқтаж жандарға таратумен айналысады. Биыл алғашқы үш ай ішінде банк 14 миллион тоннаға жуық тамақ таратқан екен.

Элизабет Хименес, коммерциялық емес ұйым өкілі:

– Бүгін мұқтаж жандарға азық-түлік таратып жатырмыз. Қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Бұрындары бізге көбіне қарттар келетін. Қазір басқа топтағы адамдар да көбейген."

Майкл Флуд, Лос-Анджелестегі аймақтық азық-түлік банкінің бас директоры:

– 2020 және 2021 жылдары біздің көмегімізге жүгінгендер қатары күрт артып кеткен еді. Өйткені пандемияға байланысты көбі қиын жағдайда қалды. Биыл ондай адамдардың саны азаяды деп болжаған едік. Алайда инфляцияның өршуіне байланысты 2022 жылы да тегін азық-түлік алуға келіп жатқандар көп.

Азық-түліктің қымбаттауына байланысты тұрғындар тамақтану әдетін өзгертуге тура келгенін айтып шағымданып жатыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...