Кореяда адамдарды дрондармен тасымалдауға рұқсат етуі мүмкін

Сеулде қалалық әуе көлігінің болашағы талқыланды. Жиында ұшқышсыз ұшақтардың үшінші көрмесі өтті. Жыл сайын дрондардың жылдамдығы артып келеді. 

Оңтүстік Кореяда ұшқышсыз ұшақтар жаңа қолданыс тапты. Олар театр қойылымдары кезінде қолданылады. Дрондар артистерді алмастырып, құстар мен жұлдыздарды бейнелей алады. Сондай-ақ ұшақтар жарыс, кедергілерден өту және футбол сынды ойындарда пайдаланылады. Спортшылар тек дрондарды басқару ғана емес, оларды құрастыра да білуі тиіс. Дрондар қызық ойыншықтан алып қаруға айналды. Мысалы, түріктердің «Байрактары» әскери шайқаста тиімділігін көрсетті. Қазір Корея да жауынгерлік ұшақтар жасауда. Елдегі алғашқы стелс-дрон 70 процентке дайын. Ал мына камикадзе дрон сағатына 150 шақырым жылдамдықпен 60 минут үздіксіз ұша алады.

Чон Джин Хо, компания президенті:

- Біз жасанды интеллекті бар дронды жасап шығардық. Оның салмағы небәрі 2 келі және ол тікелей режимде объектілер мен адамдардың орналасқан жерінің нақты координаттарын бере алады.

Фермерлер мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көмектесетін дрондар көбейіп келеді. Мына құрылғы адам қолы жетпейтін жерлерде өрт сөндіргіш сұйықтықты шашады.  

Владислав Цой, тілші:

- Бұл бомба өрт сөндіруге арналған. Отқа түскенде ол 3 секунд ішінде қызып, жарылады. Осындай алты бомба 20 шаршы метр ауданда өртті өшіре алады.

Кореяда ұшқышсыз ұшақтарда жолаушылар тасымалына әлі де тыйым салынғанымен компаниялар адамдарды таситын дрондардағы орындар санын көбейтуде.

О Сон Чоль, компания президенті:

- Біздің дрон электр қуатымен жұмыс істейтіндіктен парниктік газдарды шығармайды. Сағатына 320 шақырым жылдамдық Сеулден Инчхонға дейін 50 шақырымды 15 минутта бағындыруға мүмкіндік береді. Батареяны 10 минут ішінде толық зарядтауға болады. Қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшақтың сыйымдылығы 7 орын, бірақ біз жолаушылар санын 15-ке жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Қалалық әуе көлігі жобасын жүзеге асыру үшін дрон жасайтын компаниялар үкіметтен қаржылық қолдау, салықтық жеңілдіктер мен ережелерді жеңілдетуді сұрайды. Бұл инфрақұрылым салу мен қызметкерлерді оқыту үшін қажет.

Вон Хи Рен, Корея жер, инфрақұрылым және көлік министрі:

- Саланың дамуы үшін қажетсіз ережелерден арылу керек. Бізде бұл саланың әлемдік көшбасшысы болуға жақсы мүмкіндік бар. Қалалық әуе көлігі аз адамдарға арналған көлік ретінде емес, қолжетімді құны мен ыңғайлылығымен жаппай қолданысқа енгзілетін көлік ретінде қарастырылады деп үміттенемін. 

Қалалық әуе қозғалысы туралы заң жобасы келесі айда Корея парламентіне жолданады. Құжат мақұлданса, жолаушыларды ұшқышсыз ұшақтарда тасымалдауға 2025 жылдан бастап рұқсат етіледі.

Владислав Цой, Ольга Лян