Украина кемежайларында 20 миллион тоннадай астық жиналып қалған

Қарулы қақтығыс салдарынан Украина кемежайларында шамамен 20 миллион тонна астық жиналып, өзге мемлекеттерге тасымалданбай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда Владимир Путиннің айтуынша, украиналық астықты экспорттау бойынша келіссөздерде ілгерілеу бар. Бұл туралы ол Иран астанасында Түркия президентімен өткен екіжақты кездесуден кейін мәлімдеді. Ресей тарабы кемелердің Қара теңіз арқылы өтуіне кедергі етпейтінін жеткізді. Алайда ол үшін украиналықтар су жолдарын минадан тазартуы тиіс. Киев бұған келісіп-ақ отыр. Дегенмен келісімнің бұзылмауын өзге елдер қадағаласын деген талап қойды. Бұл орайда Түркия қауіпсіз дәліз құруға өз көмегін ұсынған еді.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Ресей мен Украина астықтың әлемдік қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз етіп келген.