Соңғы бір жылда Ауғанстанда 700 адам өлтірілген

Соңғы бір жылда Ауғанстанда 1,5 мың адам жарақат алып, 700-і өлтірілген.

Әсіресе бұрынғы үкіметтің мүшелері мен әскерилер қысымға ұшыраған. Сондай-ақ журналистер мен құқық қорғаушылар да зорлыққа тап болды. БҰҰ миссиясы осы ретте халықаралық қауымдастықты ауған халқына жан-жақты қолдау көрсетуге үндейді.

Маркус Потцель, БҰҰ Ауғанстандағы миссиясы басшысының орынбасары:

- Біз жүргізген мониторингтің нәтижесі көрсеткендей, былтыр 15 тамыздан кейін ауған халқы, оның ішінде әйелдер мен қыздар қысымға жиі ұшырайды. Олар өз құқын қорғай алмайды. Ауғанстан адам құқығы мен бостандығына қатысты бірқатар халықаралық келісімге мүше мемлекет болып қала береді. Мен қазіргі билікті баяндамада келтірілген мәселелерді шешу үшін қажетті шараны қолға алуға шақырамын.

Еске сала кетейік, тәліптер билікке келгелі бері қыздарға алтыншы сыныптан кейін білім алуға тыйым салды. Жағдайы онсыз да шатқаяқтап тұрған елді экономикалық және гуманитарлық дағдарыс жайлады. БҰҰ мәліметі бойынша Ауғанстан халқының 60 проценті гуманитарлық және медициналық қолдауға зәру.