Бразилияда рейд кезінде 18 адам көз жұмды

Рио-де-Жанейро полициясы ұйымдастырған рейд кезінде 18 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті ақпарат  агенттігінің хабарлауынша, полицейлер мен әскерилер кедей-кепшік пен қылмыскерлер мекендейтін аудандарға басып кірген. Ондағы мақсаты көлік, банк пен дүкендерді тонаған қылмыскерлерді ұстау болатын. Полиция мен қылмыстық топ арасындағы қақтығыстан көшелердің ойраны шыққан. Куәгерлер екі жақта атыс болғанын айтады. Жалпы мұндай кикілжіңдер Бразилияда ара-тұра болып тұрады. Былтыр Риодағы есірткі саудагерлері мен полицейлердің қақтығысы кезінде 28 адам мерт болған. 

Гильберто Сантьяго Лопес, Адам құқығы жөніндегі комиссия мүшесі:

Полиция жараланған адамдарға жәрдем бермейді. Өйткені, полицейлер оларды қылмыскер деп танығандықтан медициналық жәрдемге лайық емес деп санайды. Яғни, оларды адам құрлы көрмейді Тұрғындар жарақат алғандарды ауруханаға жеткізу үшін жүк көліктеріне отырғызуға мәжбүр.