Чилиде эко автобустар құрастырыла бастады

Дәстүрлі автобус орнына электр қуатымен жүретін көліктер. Чилиде жаңа үлгідегі автобус құрастыру ісі қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел астанасы Сантьяго маңында орналасқан компания жылына 200 көлік шығаруды көздеп отыр. Осылайша экологияны жақсартуға үлес қосқысы келеді. Қоғамдық көліктерді электр автобустармен алмастырса, ауаға таралатын көміртегі газының көлемін азайтуға болады. Компанияның есебі бойынша осылайша 65 мың тонна көміртегінің бөлінуіне тосқауыл қоюға болар еді.

Айта кетейік, Чили әлемдегі мыс өндіруші елдердің алғашқы төрттігіне енген. Сондықтан мұндағы ауа сапасы төмен.

Рикардо Репеннинг, компанияның негізін қалаушы:

– Кен өндіру жұмысын дамыта отырып, өндірілетін көміртегі газының көлемін азайту аса маңызды. Жасыл экономиканы құруда инновациялық әдістерді қолданған жөн. Бүгінде біздің автобустарымыз кен өндірісінің жұмысшыларын тасып жүр. Бұның өзі аталмыш салаға қатысты көзқарасты өзгерте отырып, экономиканы дамытуға бағытталған алғашқы қадам.