Украина астығы Түркиядағы кездесуден кейін босай ма?

Бүгін Ыстамбұлда Украинаның теңіз айлақтарында қаңтарылып тұрған астық кемелерін босату туралы келіссөздердің алғашқы кезеңі өтеді.

Түрік Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу кездесу нәтижелі болып, арнайы келісімге қол қойылады деп хабарлады. Осылайша әлемдік азық-түлік дағдарысын шешуге жол ашылмақ. Аталған басқосуға қатысу үшін Ресей тарапынан Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ыстамбұлға келді. Владимир Зеленский де "Түркиядан жаңалық күтеміз" деп мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Түркия жақтан біздің еліміздің теңіз айлақтарын бұғаттан босатуға қатысты жаңалық күтеміз. Осының алдында біз майдан шебіндегі жағдайды талқыладық. Соғыс тәсілін күшейту туралы нақты тапсырмалар бердік. Жауға қарсы шабуылды үдетеміз.

Кездесуге БҰҰ Бас хатшысы қатысады

Түркиядағы кездесуге Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш те барады. Ол Түркия президенті Тайип Реджеп Ердоғанмен бірге қол қою рәсіміне қатысады. Бұл туралы халықаралық қауымдастықтың өкілі айтты.

Фархан Хақ, БҰҰ ресми өкілінің орынбасары:

- Бас хатшы Антониу Гутерриш Украинадағы азық-түлік өнімдеріне және Ресей тыңайтқыштарын әлемге толық қолжетімді етуге арналған келіссөздерге қатысу үшін Ыстамбұлға барады. Бірнеше айдан бері ғаламдық азық-түлік дағдарысының алдын алу туралы талмай айтып келеміз. Егер Украинадағы мәселені шеше алсақ, жүздеген мың, тіпті миллиондаған адамның өмірін аман сақтап қаламыз.