loader

Әлемде күнделікті технология саласында сан алуан жаңалық ашылады

Әлемде күнделікті технология саласында сан алуан жаңалық ашылады

Әлемде күн сайын технология саласында неше түрлі тың жаңалық ашылады. Әсіресе қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін құлтемірлерді қолдануға талпыныс күшті. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасында дәрігерлер күрделі операция жасау үшін роботты пайдаланады. Ал АҚШ-та робот такси жүйіткіп жүр.

Чили астанасы Сантьягода ауаның ластануымен күресу үшін қоғамдық көліктерді электр автобустармен алмастыру қолға алынды. Жергілікті компанияның бірі бұл үшін жыл сайын 200 электр автобусын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл шаһарда жыл сайын ауаға 65 тонна көміртектің таралуына тосқауыл қоюға көмектеспек.

Рикардо Репеннинг, компанияның негізін қалаушы:

-Бүгінде біздің автобустар кен өндірісінің жұмысшыларын тасып жүр. Бұның өзі аталмыш салаға қатысты көзқарасты өзгерте отырып, экономиканы дамытуға бағытталған алғашқы қадам. Жасыл экономиканы құруда инновациялық әдістерді қолдану маңызды. 

Жүргізушісіз такси

Ал әлемге танымал америкалық "Амазон" компаниясына тиесілі "ЗУКС" бірлестігі АҚШ-та робот-такси қызметін құруды жоспарлап отыр. Компания "ВИ-Эйч-6" деп аталатын жүргізушісіз көлік жасап шығарды. 4 кісіге арналған шағын көлікте  рөл мен өзге де қозғалтқыш тетіктері жоқ.

Джесси Левинсон, Zoox компаниясының технология бойынша бас директоры:

- Біздің робот такси адамдарды жүргізушісіз тасиды. Ол көшеде жүру, аялдамаға тоқтау сынды қозғалыстардың барлығын дәл басқарады. Тіпті қиын бұрылыстардағы қозғалысты тәжірибелі жүргізушіден де артық орындайды деп айта аламын.

Күрделі операциялар жасайтын робот

Оңтүстік Африка республикасында құлтемірді медицинада қолдана бастады. Ол аса қиын операцияларда қолғабыс етеді. Қазір Кейптаун қаласындащғы екі ауруханада осындай робот бар. Соның бірі Да Винчи деп аталатын құлтемір. Дәрігерлер қазірге дейін онымен 20-ға жуық сәтті операция жасаған.

Тим Форган, хирург:

- Да Винчи қазір Кейптаунда технологиялық тұрғыдан ең озық робот саналады. Ол адам ағзасын үлкейтіп көрсетіп, дәрігерлердің дәл әрі тиянақты әрекет етуіне мүкіндік береді. бұл аппаратпен жасалған операциядан кейін науқастар тез сауығып, үш күннен кейін үйіне жіберіледі.

Судағы микропластикті жейтін робот

Ал Қытайдың Сычуань провинциясында ғалымдар микропластикті жеп жоятын робот балық ойлап тапты. Ұзындығы бір жарым сантиметрдей болатын құлтемір инфрақызыл сәуле арқылы қозғалады. Шағын құрылғы полиуретаннан жасалғандықтан балықтар жеп қойса да тез қортылып, оларға еш қауіп төндірмейді. Әзірге аппарат таяз суларда жүр. Бірақ ғалымдар келешекте оны алып су айдындарында да қолдануды көздеп отыр. 

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...