Мьянма өлім жазасын қолданды

Өткен жылы Мьянмада әскери төңкеріспен билікке келгендер өлім жазасына кесілген 4 белсендінің өлтірілгенін жариялады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, бұл елде 1988 жылдан бері алғаш рет өлім жазасы қолданылып отыр. 

Жазаға тартылған белсенділер арасында Парламенттің бұрынғы депутаты 41 жастағы Фио Зейя Тоу және 53 жастағы жазушы Чжо Мин Ю бар. Фио Зея Тоу саясатпен қатар хип-хоп орындаушы ретінде елде танымал болған. Оның әндері биліктегілерге жақпаған еді. Ал Ко Джимми деген лақап атымен белгілі жазушы 1988 жылы хунтаға қарсы студенттердің көтерілісін бастағандардың бірі. Ол бірнеше рет абақтыға қамалған болатын. Қалған екі белсенді туралы мәлімет аз. Оларға "хунтаның тыңшысы болған бір әйелді өлтірді" деген айып тағылған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдың ақпанында әскерилер билікті басып алған еді. Армия өкілдері мұны парламенттік сайлау кезіндегі бұрмалаушылықпен түсіндірді. Осыдан кейін Мьянмада хунтаға қарсы ереуілдер басталды. Қақтығыстар кезінде шамамен 900-дей адам көз жұмып, 6 мыңнан астам азамат қамауға алынды.