Италияның төрттен бірі шөлге айналуы мүмкін

Қуаңшылық зардабын тартып отырған елдердің бірі Италия. Ел аумағының төрттен біріне шөлге айналу қаупі төніп тұр. Салдарынан ауыл шаруашылығы саласына 6 милилард еуро шығын келуі мүмкін. Макарон өнімдерін жасау үшін қолданылатын бидай 30 процентке қысқарады деген күдік бар. Жүгері әдеттегіден екі есе аз жиналған. Биыл құрғақшылыққа байланысты Италияның 5 облысында төтенше жағдай жарияланды. Елдегі ең ірі По өзенінде су деңгейі кейінгі 70 жылда болмаған ең төменгі көрсеткішке жеткен. Верона қаласында тіршілік нәрін тұтыну бойынша шектеу енгізілді. Ал Миланда үнемдеу шарасы ретінде су фонтандары өшірілген.

Стефано Боскетто, фермер:

- Суды ең көп қажет ететін саланың бірі ауыл шаруашылығы. Алайда мынадай жағдайда біраз фермер жеп отырған нанынан айырылып қалуы мүмкін. 80-90 жыл бұрын бізде артық суды сорғымен айдап шығарып тастап отыратын. Ал енді оның тапшылығы туындады. Қызық. Уақыт өте келе жағдай өзгеріп шыға келді. Сондықтан бәріне дайын болу керек. Ауыл шаруашылығындағы проблемаларды шешудің тың жолдарын іздеген жөн.

Португалияда демалыс орындарында суды тұтыну шектелді

Португалияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі Алгарви шипажайында суды тұтыну бойынша шектеу енгізді. Бұл талап демалыс орындарына қатысты. Мұнда да қуаңшылық мәселесі өршіп тұр. Жеміс-жидек өсіретін фермерлер шаш етектен шығынға батқандарын айтады. Өйткені алма мен алмұрттың үштен бірі қурап кеткен. Ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалар кәсіпкерлердің де қалтасын қағып отыр.  

Антонио Симонеш, ет сататын дүкен иесі:

- Құрғақшылық пен әлемдегі геосаяси ахуал кесірінен бағалар 70 процентке дейін өсті. Етті қайта-қайта қымбаттата беруге болмайды. Оны халықтың қалтасы көтермейді. Тақауда жақындарыммен ет сатуды қойсам қайтеді деп ақылдастым. Өйткені бұл түрімен кәсібім тиімсіз болатын түрі бар.

Суды тұтыну мөлшерін қысқарту керек

Франция

Францияда 96 департамент болса, билік соның 88-інде суды пайдадану бойынша шектеу енгізуге тапсырма берілді. Мәселен, фермерлер оны тұтыну мөлшерін 50 процентке дейін қысқарты тиіс. Тұрғындар да бақшасын бұрынғыдай суара адмайды. Бассейнге су толтыру жағынан да үнемдеу қажет. Көлік жуу бойынша да шектеулер бар.

АҚШ-та үлкен бассейнге тыйым салынуы мүмкін 

АҚШ-тың Юта штатындағы Үлкен тұзды көлдегі су деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін төмендеді. Оған қуаңшылық себеп. Суқойма жыл сайын жергілікті экономикаға 1 милилард доллардан аса пайда әкеледі. Көл түбінде күшән көп. Ғалымдар егер судың тартылуы жалғаса берсе, жартылай металдың қоспалары ауаға тарап кетуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл жергілікті тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал. Үлкен тұзды көл орналасқан Юта штатымен көршілес Невададағы Лас-Вегаста суды тұтыну бойынша шектеулер енгізілді. Тұрғындар гүлзардан бас тартып жатыр. Енді билік алдағы уақытта ірі бассейндер салуға рұқсат бермеуі мүмкін.   

Обри Гловер, Лас-Вегас тұрғыны:

- Егер шынымен бассейндердің өлшемін 55 шаршы метрге дейін қысқартса, онда балаларымыз бүгінгідей суға түсіп, демалу мүмкіндігінен айырылатын түрі бар. 

Жұлдыз Атагельдиева