Қытай билігі шөлге қарсы күресті жалғастыруда

Қытайда құм шөлдерінің жалпы ауданы 700 мың шаршы шақырымнан асады. Бұл елде шөлдену мәселесі өткір тұр. Халықтың үштен бірі оның зардабын тартып отыр. Арнаның меншікті тілшісі осындай шөлдердің біріне барып қайтып, бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын біліп келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тэнгэр – ауданы бойынша Қытайдағы төртінші ірі шөлейтті жер. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын мұнда құмды дауыл жиі соғатын. Тіпті салынған теміржолды пайдаланудың өзі қиын болыпты, шойын жолдарды үнемі құм басып тастай берген. Осыдан 60 жыл бұрын билік шөлге қарсы күресе бастады. Түрлі әдістерді сынақтан өткізіп, соңында өз технологиясын жасап шығарды.

Кан Симин, шөлденумен күрес маманы:

– Алдымен периметрін есептеп, жағалай сабан көмуді зерттедік. Мамандар түрлі пішіндер мен аудандарды байқап көрді. Шамамен 8-9 жылдан кейін жақтаулары бір метр болатын шаршы пішіні мінсіз болады деген тұжырымға келді. Осыдан кейін оның ішіне шөлге төзімді шөп, бұталар мен ағаштар еге бастады. Осылай құмның жылжуын тоқтатты. Шаршы ішіндегі құм біртіндеп қатайып, топыраққа айналады.

Осылай билік 100 мың гектар құм алқабын бақылауға алды. Тэнгэр шөлі 25 шақырымға шегініп, ол жер қазір белсенді игеріліп жатыр. Күн электр станциясы салынды. Ол өндірген электр энергиясымен оннан аса кәсіпорын жұмыс істеуде. Арасында кремний шығаратын зауыт бар. Туристік аймақ ашу жоспарда бар.

Ван Юэ, гид:

Өзен, шөл, тау мен оазистердің бір жерде болуы әлемде сирек кездеседі. Жыл сайын кешенге бір жарым миллиондай турист келеді. Қытай ауданы үлкен, сондықтан солтүстігі мен оңтүстігі қатты ерекшеленеді. Біз солтүстікте тұратындар теңізге қатты қызықсақ, оңтүстік тұрғындарына шөл қызық. Жалпы осы ауданға келетін болсақ, атамның айтуынша, елуінші жылдары шөл біздің Чжунвей қаласына тақап қалды және оны құм басады деген қауіп болған.

Жалпы шөлдер Қытай ауданының 13 процентін алып жатыр. Көбісі елдің солтүстігі мен батысында. Ресми мәлімет бойынша соңғы 10 жылда шөлейтті аудандар 43 мың шаршы шақырымға қысқартылды.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева