loader


Өзге елдерде шет тілі қалай оқытылады?

Француз балалары мектеп табалдырығын аттай сала, шет тілін үйренуге кіріседі. Жалпы Францияда өзге тілдерді меңгеруге баса мән берілген. Бүгінде мектеп оқушыларының 90 проценті ағылшын тілін оқиды. 90 жылдардың аяғына дейінгі бағдарламада оған жай ғана кіріспе жасалатын. Бүгінде бастауыш сыныптарда ағылшын тілін аптасына 1,5 сағат оқытылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал орта және жоғары сыныптағылар үшін бұл пән жиірек өткізіледі. Сөйтіп, мектеп бітіргенше оқушы тілді орта және одан жоғары деңгейде меңгеріп шығады.

Әсел Қуанбаева, екі баланың анасы:

- Бастауыш мектепте негізінен ана тілі мен математикаға көп мәні беріледі. Қалған пәндер тек кіріспе сабақ ретінде оқытылады. Мысалы ағылшын тілі солай. Ол факультативті сабақ ретінде өтеді. Мұнда баға қойылмайды, бірақ бастауыш мектепті бітірген бала негізгі ағылшын сөздерін білуі мүмкін. Бірақ грамматиканы өтпейді. Онысы орта буында оқытыла бастайды.

Ескере кететін бір жайт бар: Бесінші республикада екі шет тілін оқыту міндеттелген. Оқушы қаласа, үшіншісін де оқи алады.

Ал, Түркияда шет тілі 2-сыныптан бастап оқытылады. Оқушылардың француз, араб, неміс, орыс тілі пәнін таңдау мүмкіндігі бар. Бірақ басым бөлігінің таңдауы ағылшын тіліне түседі. Ел азаматының бірінші міндеті -  мемлекеттік тілді жетік меңгеру болғандықтан, сабақтардың бәрі түрік тілінде өтеді. Ал, жоғарғы оқу орындарының ағылшын тіліндегі бөліміне түсетіндер арнайы сынақтан өтуге міндетті.

Четин Башер, Анкара тұрғыны:

- Бала алдымен ана тілін білуі тиіс. Басқа тілдерді, сол тілдің айнасынан қарағаны жөн. Тұлға болып қалыптаспай, ұлты мен мемлекетін танымай басқа тілді үйренгені дұрыс емес. Мәселен, менің жиендерім Нидерландыда тұрады. Алдымен, түрік тілін меңгерді. Сосын, ағылшын, француз тілдерін үйренді.

Қытайда 12 жылдық орта білім беру жүйесі қалыптасқан. Оның алғашқы алты жылы бастауыш мектебінде өтеді. Мұндағы шет тілі пәні ретінде ағылшын тілі оқытылады. Айта кетерлігі, Қытай қалалары экономикалық даму қарқынына қарай жіктеледі. Сондықтан Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сынды мегаполистер мен тағы 15 ірі шаһарда ағылшын тілі бірінші сыныптың бағдарламасына енгізілген. Ал, елді-мекен мектептерінде оны үшінші сыныптан бастап үйретеді. Жаңа ережеге сәйкес, бағдарламаның алғашқы екі жылында емтихан мен бағалау жүйесі қарастырылмаған. Тілді тереңдетіп оқыту тек үшінші жылдан ғана басталады. Аралық бақылаудан бөлек, тест түріндегі емтихан жарты жылда бір рет өткізіледі.

Анна Ху, бастауыш сынып оқушысының анасы:

- Менің ойымша, қытайлық білім беру жүйесі негізінен болашақ перспективаға басымдық береді. Тұжырымдамасы бастауыш сынып оқушыларының қажеттілігіне толық сай келеді. Мұндағы білім стандарты, сапасы мен оны бақылау өте жоғары. Қазір үй тапсырмасының жүктемесін біршама азайтып, көбірек дене шынытыруға мән бере бастаған.

Былтырдан бастап білім бағдарламасының жүктемесі біршама жеңілдетілген. Мәселен, бастауыштың бірінші,екінші сыныбынан жазбаша емтихан енді алынбайды. Жоғары сыныптарда да мұндай емтиханның саны қысқарған. Жалпы, Қытайда білім беру бағдарламасы оқушының жоғары оқу орнына түсуге даярлық ретінде қарастырылады. Ал, ата-аналар баласын жастайынан дайындауға кіріседі.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Алия Сыздықова, Меруерт Қанағат, Ботагөз Сырғабаева

Сондай-ақ...