Жаңа Зеландия алғаш рет климаттың өзгеруіне бейімделу жоспарын жариялады

6 жылға негізделген құжат бойынша теңіз жағалауына жақын тұрған кей мекендерді қауіпсіз жерлерге көшіру қарастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі климаттың өзгеруінен 70 мың үйді су басу қаупі күшейіпті. Бірақ билік бұл шара тек соңғы амал ретінде қолданылатынын айтады. Биыл Жаңа Зеландияда сынап бағанасы әдеттегіден 1-2 градусқа жоғары болып, елде ең ыстық ауа райы тіркелген.

Джеймс Шоу, Жаңа Зеландияның климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі министрі:

– Жаңазеландиялықтар соңғы жылда жиілеген табиғат апаттарынан климаттың өзгеруінің салдарын өз көздерімен көріп, сезді. Бізде оған көп жылдар бойы бейімделуге мүмкіндік мол болды. Бірақ біз оларды пайдалана алмадық. Енді қолымызда ұлттық жоспар бар. Алайда оны жүзеге асыруға дайындалу үшін біраз уақыт керек.