Тентектен тез хабар: Пелоси Тайвань аралынан қайтты

Нэнси Пелосидің Тайваньға баруы біраз елді шулатты. Әлдеқалай жағдай болып кете ме деп уайымдаған жұрт көп.

АҚШ Өкілдер палатасының спикері мұнда демократия белсенділерімен кездесті. Айтарын айтып, бүгін тып-тыныш аттанып кетті. Ал оның бұл сапарын сан саққа жүгіртіп, сынап, мінеп жатқандар аз емес. 

АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси бүгін демократияны жақтаушы белсенділермен жүздесті. Адам құқығына арналған ұлттық музейде өткен кездесуге осыдан 3 жыл бұрын Тайваньға қашып келген Гонконг жазушысы, 5 жыл Қытай түрмесінде отырған тайваньдық белсенді мен 1989 жылғы студенттер қозғалысын басқарғандар бар. Ал Пелосидің мұнысын Камбоджада іссапарымен жүрген Қытайдың сыртқы істер министрі ерсі әрекет дейді.

Ван И, ҚХР Сыртқы істер министрі:

- Пелосидің сапары көпе-көрнеу ерсі әрекет. АҚШ демократияны желеу етіп, Қытайдың егемендігіне нұқсан келтірмек. Ал тайваньдық Цай Инвень мен оның жақтастары АҚШ-қа иек арта отырып, Қытайдың ұлттық мүддесіне сатқындық жасап отыр. Қытайды біртұтас деп танитын жаһан алдында бұл түкке тұрмайтын дүние. Құрлық пен Тайваннің бірігуіне кедергі келтіре алмайды. Отпен ойнау жақсылық әкелмейді, ал Қытайды ренжіткендер жазаға тартылуы керек. 

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Пелосидің көздегені саяси ұпай жинау дейді. АҚШ Өкілдер палатасы спикерінің бұл әрекеті аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіріп тұрғанын тағы да баса айтты. Иә, Пелосидің өңірге сапарын мейлінше жақтырмаған ресми Бейжің алдын ала ескерту жасап, қарап қалмайтынын әу бастан аңғартқан еді. Қарапайым халық болса, ел қауіпсіздігі үшін үкімет осылай істеуге мәжбүр деп отыр.

БЛИЦ:

- Үкімет әуел бастан өйтіп қатты сөйлемеу керек еді. Мұндайға баса мән бермесе, халық осылай әбігерленбес еді. Енді қайтарға жол жоқ. Түптеп келгенде Пелоси сапар жасады деп қарулы күш көрсеткіміз келмейді.  

- Қытай мен АҚШ бір-біріне соғыс ашудан аулақ деп ойлаймын. Өйткені ең алдымен олар сауда ісі мен өзге де салада бір-біріне мұқтаж. Пелосидің Тайваньға сапары бойынша қысым көрсетуіміз құптарлық, бірақ ұрыс ашу артық болады.

Кеше Қытай Тайвань аралының маңында әскери оқу жаттығуын бастап кетті. Онда әскери ұшақтардың бірнеше түрі мен алыс қашықтықты бағамдайтын радиолокациялық құрылғылар тартылды. Әскери-теңіз күштері де арал айналасындағы суда ұрыстың іс-қимылдарын пысықтады. Жағдайды сырттай бақылап отырған Жапония әскери оқу-жаттығуына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Нақтырақ айтқанда, 4 тамызға жоспарланған жаттығу Жапонияның бірегей экономикалық аймағын қамтуы мүмкін. Күншығыс елі іс-шара кезінде оқ атыла ма деп алаңдайды.

Жапонияны әскери оқу-жаттығу алаңдатып отыр

Хирокадзу Мацуно, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Жапония Тайваньға қатысты мәселе бейбіт жолмен диалог арқылы шешіледі деген үмітте. Бұл ретте Жапония Қытай жариялаған әскери жаттығуға алаңдаулы. Сондықтан бұғаздың екі жағындағы мәселенің тігісі жатқызылып, тезірек шешілуін күтеміз.

АҚШ-қа жұлдызы қарсы Ресей тарапы Пелосидің сапарына оң пікір білдірмейтіні анық. Мьянмада жүрген сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ Өкілдер Палатасы спикерінің әрекетін айыптады.

Мьянма, Нейпьидо

Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:

- Нені көздеп отырғанын айта алмаймын, бірақ Украинаға қатысты жағдаймен салыстырар болсақ, мұнда да дәл сондай қағиданы ұстанған. Ойына не келеді, соны істейді. Әйтпесе қарадан қарап, жұрттың шамына тиетін әрекетке барғанын, әсіресе Қытай Халық Республикасына бұның қалай тиетінін біле тұрып, осылай істегенін басқаша түсіндіре алмаймын.

Тайваньға бүйрегінің бұру себебі

Қытай, Тайвань

Жалпы Пелосидің Тайваньға баруын Ақ үй оның өз бастамасы деп жария еткен. Ал мәртебелі ханымның мұнда демократиялық ұстанымы үшін қудалауда болғандармен кездесуі тегін емес. 1989 жылғы Тайпейдің Тяньаньмэнь алаңына жиналған студенттерді басу үшін Қытай үкіметінің қандай амалға барғанын Пелоси 1991 жылғы сапарында белсенділердің өз аузынан естіп білген еді. Оған қоса ұйғыр мұсылмандарына көрсетілген зорлықтан кейін Пелосидің Тайваньді қолдау жөніндегі ұстанымы беки түскен. Мұнысын ол Парламентте сөйлеген сөзінде аңғартты.

Нэнси Пелоси, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

- Америка Құрама Штаттары Тайваньда бостандық және қауіпсіздік болғанын қалайды. Біз "Бір Қытай" ұстанымына құрметпен қараймыз, бірақ Тайваньмен арадағы ынтымақтастыққа бұрын-соңды болмаған деңгейде басымдық береміз. Сондай-ақ Чиптер туралы заң АҚШ пен Тайвань арасындағы экономикалық алыс-берісті жақсартуға жол ашады. 

Әлемді дүрліктірген сапар аяқталды

25 жылда Тайваньға келген ең жоғарғы лауазымды тұлға Вашингтон мен Тайбей арасындағы қарым-қатынасты ілгерілеткені үшін арнайы орденмен марапатталды. Бұл награда 1941 жылдан бері  азаматтық қоғам мен ұлтты дамыту саласында атқарылған ерен еңбек үшін тағайындалады. Әлем халқын дүрліктірген Пелосидің Тайваньға бір күндік сапары осынмен аяқталды. АҚШ Өкілдер палатасының спикері енді ат басын Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур мен Жапонияға бұрмақ.