Грузияда балаларға арналған ыдыс құрамынан қорғасын табылды

Тбилисидегі сауда үйлердің бірінде балаларға арналған ыдыс құрамында қорғасының жоғары үлесі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда, денсаулыққа қауіпті ыдыстың саны айтарлықтай көп болмаған. 140 дана тауар түгел сатылымнан алынып, оны сатып алған жұртқа қолданбау керектігі ескертілді. Улы зат саналатын қорғасынның адам ағзасында жиналуы дене мүшелеріне кері әсерін тигізеді. Әсіресе балаларға зиян. 

Васил Басиладзе, ұлттық азық-түлік агенттігі басшысының орынбасары:

– Ұлттық азық-түлік агенттігіне халықаралық жүйе арқылы шұғыл хабарлама келді. Онда Польшаның құзырлы органы сараптама өткізіп, қорғасының көп мөлшерін тапқаны айтылған. Біз лезде шара қабылдап, импортерге хабарладық және тауарды сатылымнан алып тастады.

Грузия үшін бұл өзекті мәселе. 2018 жылы ЮНИСЕФ бастаған зерттеу барысында елде 40 проценттен астам балалардың қанынан қорғасын анықталған. Улы металл ағзаға дәмдеуіштер арқылы түскен. ЮНИСЕФ Грузия үкіметімен бірлесіп, жұмысын жалғастырып келеді. 

Нино Дзоценидзе, юнисеф ұйымының қоршаған ортаны қорғау жөнінде маманы:

– Жұмысымыздың 3-кезеңінде қорғасынмен улануды бақылау жүйесін қамтамасыз етеміз. Бұл елге қорғасын деңгейін қадағалауға көмектеседі. Ал ең бастысы уланудың басты ошақтарын анықтайды. Бұл өте маңызды, өйткені осыған дейін бұл мәселе осыншама ауқымды зерттелген жоқ. Тек шағын зерттеулер өткізілді. 

Биыл ЮНИСЕФ Израиль ғалымдарымен бірлесіп бірнеше өңірдегі су көздерін тексеріп, талапқа сай деген тұжырымға келген. Дәмдеуіштерден де қорғасын табылмаған. Қазір Қытайда шығарылған ойыншықтардың құрамы тексеріліп жатыр. Нәтижесі қазан айында белгілі болады.  

Авторы: Юлия Тужилкина