Жаһанды қуаңшылық жайлады

Италияның солтүстігіндегі күріш алқаптары солып жатыр. Бұған По өзені бассейніндегі топырақтың сортаңданып, судың тұздануы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоса құрғақшылық салдарынан өзен суы тартылып барады. Қыста қар, көктем-жазда жаңбыр жаумағандықтан күріш өсірушілер биыл өнімнің аз шығатынын айтып отыр. Нақтырақ айтқанда, 60 процентке қысқармақ. 

Элиса Моретто, күріш өсіруші:

- Мұны бір маусымға созылатын мәселе дей алмаймыз. Ия, қуаңшылық өнімділікке кесірін тигізеді. Ол жағы түсінікті ғой. Ал топырақтың сортаңдануы одан да зор проблемаға әкеп соғуы мүмкін. Болашақта мүлде күріш отырғыза алмаймыз. Өйткені сор топырақты күйдіріп, егінді гүлдетпейді. Сондықтан қысқа мерзімді мәселемен қатар, осы бастан сордан қалай құтыламыз, соны ойлауымыз керек. 

Аптап ыстық пен құрғақшылық Тоскана шаруаларын да сары уайымға салды. Өсімдік шаруашылығы дамыған өңірде бұған дейін суаруға қатысты мәселе туындаған емес. Зәйтүн ағаштары биыл жақсы гүлдегенімен, жаңбыр жаумағандықтан бүршіктері қурап қалды. Сондықтан зәйтүн жемісінің өнімділігі биыл 60 проценке дейін кемімек.

Валентино Берни, Тоскана өңірі бойынша шаруалар қауымдастығының президенті:

- Бертінге дейін Тоскана аймағында суаруға қатысты еш мәселе болмайтын. Зәйтүн мен жүзім өсіретін фермамды 20 жыл бұрын салған кезде,, керісінше суды әрі кетірумен әлек болатынмын. Ал енді ағаштар мен бұталарды суару үшін мына жаққа қалай су тартсам деп басым қатты. Өйткені сапалы өнім алу үшін суаруды дұрыс ұйымдастыру керек.

Әдетте суаруға қатысты мәселеге бас қатырмайтын Нидерланд  шаруалары да дабыл қағып отыр. Биыл олар тұщы су тапшылығын анық сезген. Эйссел өзенінің деңгейі күрт төмендеуі осыған себеп болса керек. Еуроньюстің хабарлауынша, су қорын басқару ісін мемлекет арнайы топқа тапсырды. Мамандар қордағы суды үлестіруді жіті қадағаламақ.

Құрғақ ауа райы мен аптап ыстық жаңа құрлықта да орнады. Солтүстік АмерикаДА ең ұзын өзендердің бестігіне кіретін Рио Гранденің суы тартылған. Бұл 40 жылда болмаған жағдай. Экологтар мұндағы сирек балықтарды сақтап қалудың амалын іздеп жатыр.

Джон Флэк,  су саясатын зерттеуші:

- Өткен ғасырда Альбукерке аумағындағы Рио Гранде жиі тартылатын. Бірақ соңғы 20-30 жылдан бері өзен суын сақтаудың тиімді тәсілдері қолданылып келеді. Ауыз суды пайдалану тәртібі оңтайланып, суару амалы жетілді. Бірақ климат тез өзгеріп жатыр. Ал қолданып жатқан амалдарымыз ескіріп барады.

СУДЫҢ ТАРТЫЛУЫ ҰЛЫБРИТАНИЯДА ДА БАЙҚАЛАДЫ

Мұншалықты құрғақ ауа райы 50 жылда бірінші рет болып отыр. Өзен-көлдер тартылып, батпақ жерлер құрғап кеткен. Қуаңшылық салдарымен күресу үшін арнайы құрылған ұлттық топ шаруаларды судың далаға ақпауын қадағалауға, ал  халықты ауыз суды барынша үнемдеуге шақырады.