Украинаны қиын қыс күтіп тұр

Бес ай бойы жалғасып келетін қарулы қақтығыстан мемлекеттің мыңдаған нысаны қирады, оның ішінде энергетикалық инфрақұрылымдар да қатты зақымданған. Айталық, Луганск, Углегорск, Славянск жылу электр станциялары толығымен істен шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда ең қиыны - орыс әскерлері басып алған Запорожье облысындағы Атом және жылу электр станцияларының жай-күйі билікті алаңдатып отыр. Елдің қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін бұл нысандар Украинаға қайтарылмаса, биылғы қыста халық жылудан тарығатын түрі бар.

Владимир Омельченко, Разумков орталығының энергетика және инфрақұрылымдық бағдарламалар бөлімінің директоры:

- «Энергодар» қаласын қалайда Украинаға қайтарып алуымыз керек. Ол өңірде біздің ең мықты қуат өндіретін құрылым орналасқан. Олай болмаған күнде Украина электр энергиясын Еуропадан үш есе қымбат бағамен сатып алуға және тасымалдауға мәжбүр болады. Елдегі энергетикалық құрылымдар зымыраннан сақтануы керек. Украина БҰҰ нан әсіресе, атом электр станцияларын қорғауға мүмкіндік беретін кешенді сұрап отыр.

Дәстүрлі өндірілетін қуат көздерінен бөлек, жасыл энергияның да жағдайы мәз емес. Бес айда күн көзі мен желден қуат өндіретін нысандардың сексен проценті жойылған. Ресми мәлімет Украина қарулы қақтығыстың кесірінен оннан астам гигаватты қамтитын қуат көзінен айырылғанын айтады.  Қазірдің өзінде Киев мэриясы тұрғындарды қыс мезгілі кезінде пәтердегі температура 16 градусты құрайды,- деп ескертті.

Алексей Плотников, саясаткер:

- Қала әкімшілігі биыл пәтердегі жылу жиырма емес, 16 градус болатынын ескертті. Бұл дегеніміз бізге 14-15 градус қана жылу жетеді деген сөз. Сондықтан қыста үйді жылытатын құрылғыларды қолданатын боламыз. Бір ғана үміт - қыс жұмсақ болса деп тілеп отырмыз. Бірақ ауа-райын болжап, білу қиын.

Соғыс жағдайы кезінде Зеленский коммуналдық төлем тарифін қалыпты ұстап тұруды тапсырды. Бірақ негізгі қуат нысандары мемлекет меншігіне қайтарылмаса, бағаны тұрақты ұстап тұру мүлдем мүмкін емес. Қазір Украина билігі жанталасып көмір жинап жатқан жайы бар. Бүгінгі күнге дейін жылу электр станцияларының қоймаларына шамамен 1,8 млн тонна көмір сақталған. Алдағы екі айда тағы да бір млн көмірді шет елден тасымалдау жоспарланды.

Авторы: Аида Қыдырбай

 

Сондай-ақ...