Германияда орман өрті әлі сөнген жоқ

Орман өрті қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарынан шыққан еді. Төтенше оқиға бейсенбі күні болған, сол кезден бастап өрт сөндірушілер тілсіз жаумен арпалысып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда оқ-дәрінің жарылуы бұл жұмысын қиындатып жіберді. Әлі күнге дейін жаңа жарылыстар қаупі сақталып отыр.

Еске салып кетсек, Грюневальд ауданындағы қоймада 50 тонна оқ-дәрі мен тәркіленген пиротехника сақталған болатын. Кейін онда екі дүниежүзілік соғыстан қалған екі авиабомба да болғаны анықталды. Оқиға орнында әскерилер, өрт сөндірушілер мен арнайы роботтар жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ тік ұшақтар мен су зеңбіректері жұмылдырылған. Соңғы мәліметтер бойынша зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ. жануралар да дін аман. Алайда көп ағаш жанып кетті.

Бургхардт, куәгер:

– Мен жақын маңда тұрамын. Өрт сөндірушілер қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанына куәмін. Сондықтан өзімді қауіпсіз сезінемін. Алайда жануарлар мен өсімдіктер үшін жаным ашиды. Германияда жыл сайын орман өрті болып тұрады. Бірақ оттың Берлинге дәл осылай тақағаны есімде жоқ. Оны тез арада өшіреді деп үміттенемін.