Қытайда туристер шипажайдан қайта алмай жатыр

Қытайда коронавирус өршіді. Індеттің қайта таралуына тұрғындардың жаппай жазғы демалыста жүруі басты себеп болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы Хайнань курорты орналасқан аралдағы эпиджағдай қатты ушығып тұр. Инфекцияның кесірінен ондаған мың турист провинция аумағынан шыға алмай қалды. Хайнаньда бір-ақ аптаның ішінде науқастар қатары 2 мыңға жетті. Бұл жолы таралып жатқан омикронның мутацияланған түрі. Аталған штамм Қытай бойынша осы провинцияда алғаш анықталып отыр. Ең қиын жағдай Сания қаласында қалыптасты. Ахуал ушыққан бетте билік қаланы карантинге жапты. Мұндай шектеуге жергілікті халықтың еті үйренген. Бірақ теңізге тынығам деп келген мыңдаған турист амалсыздан аралда қалды. Рейстер кейінге шегерілген.

Е Кайчжун, Сания қаласының әкімшілік өкілі:

– Қонақ үй иелерінен бағаны көтермеуді және туристер үшін онда тұру мерзімін ұзартуды талап етеміз. Қайта олар локдаунға дейін келген саяхатшыларға 50 процент жеңілдік жасауы тиіс.

Билік туристерді бір апта денсаулығын бақылаған соң қайтаруға уәде берді. Әзірге оларға мейманхана аумағынан шығуға тыйым салынған. Инфекцияның таралуын шектеу үшін провинцияға басқа аймақтардан 8 мыңнан астам дәрігер жеткізілді. Олар науқастарды емдеу және ПТР-тесті қабылдау ісіне көмектеседі. 

Цзи Дуаньжун, Сания қаласы әкімшілігінің бас хатшысы:

– Қазір қалада ПТР-тесті алуға құзыретті 12 мекеме, сондай-ақ 10 көшпелі зертхана жұмыс істеп тұр. Жаңадан тағы 2 нысан аштық. Осылайша күніне 410 мың тест алуға мүмкіндік тудырдық.

Кейбір тұрғындарды «Коронавирус неге нақты қысқы және жазғы демалыс кезінде өршиді» деген сұрақ толғандырады. Алайда билік эпиджағдайдың Хайнаньда ғана емес, сондай-ақ Қытайдың тағы 10 аймағында ушығып тұрғанын алға тартады. Бұл қатарда батыстағы автономды аудандар және Шыңжаң мен Тибет те бар.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Ботагөз Сырғабаева