Ресей Иранның жерсерігін ұшырды

Бүгін Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:52-де Иранның жерсерігі Байқоңырдан ұшырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейлік зымыранға Хаям жерсерігімен бірге 16 құрылғы орнатылған. Роскосмос Союз зымыранын ұшыру процесін онлайн режимде көрсетті. Жерсерікті пайдалана отырып, Ресейдің Украина аумағын бақылайтынын Иран тарапы жоққа шығарып отыр. Ресми Тегеран ұшқан сәтінен бастап жерсерікті толық өзі бақылайтынын, оның тек ғылыми мақсатта ғана қолданылатынын хабарлады.

Атап айтқанда, радиация деңгейін анықтап, ауылшаруашылығын дамыту мақсатында қоршаған ортаны бағамдау үшін жібергенін мәлімдеді. Бұған дейін Вашингтон Пост Ресей мен Иран өзара келісіп алып, Украина, Израиль мен Таяу Шығыстағы әскерді ғарыштан бақылауы мүмкіндігін жазған еді.