Су тасқынынан сегіз адам көз жұмды – Оңтүстік Корея

Оңтүстік Кореядағы тасқын салдарынан қайтыс болғандардың саны 8-ге жетті. Өкінішке қарай, көмек сұрап хабарласқан үш адамды құтқарушылар дер кезінде жертөледен шығара алмай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алты адам із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Соңғы тәулікте жауған нөсер салдарынан Сеул көшелерін су басып, қоғамдық көліктің қозғалысы тежелген. Таңнан бері көлік жүйесі біршама қалыпқа келгенімен, 80-ге жуық жол мен метро аумағы әлі жабық. 800-ге жуық ғимарат бүлінді. 400-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті ауа райы агенттігінің хабарлауынша, күні бойы нөсер жауын жалғасуы мүмкін.

Лим На Кюн, Сеул тұрғыны:

– Гангнам ауданының қақ ортасындағы ғимаратта 40 адаммен бірге қамалып қалуым мүмкін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Құдды бір Титаник кемесінде қалғандай сезіндім. Қатты қорықтым. Екі ұлым үйде күтіп отырған, таяқ тастам жердегі үйіме тез жетемін деп ойладым. Бірақ көшеге шыға алмай қалдық. Жаһандық климаттың өзгеріп жатқанына бүгін көзім анық жетті.