Тайвань әскері жаттығуды бастады

Тайвань бұғазындағы жағдай өткен аптадан бері шиеленісіп тұр.

Бірер күн бұрын АҚШ Конгресі Өкілдері палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға сапармен барып қайтқан. Алайда бұған Бейжің қарсы болды. Өйткені ол "бір Қытай" қағидасын ұстанады. Сондықтан аралдың тәуелсіздігін қолдауға бағытталған кез келген әрекет қатаң сынға алынады. Бірақ американдық саясаткер сапары өңірдегі бейбітшілікті сақтап қалуға бағытталғанын айтқан. Алайда Бейжің оны егемендікке қол сұғу деп, қарап қалмайтынын ескертті. Айтқандай-ақ бірер күн бұрын аймақта әскери оқу-жаттығулар басталды. Олар 7 тамызда аяқталуға тиіс еді. Алайда шара әлі жалғасатын болды. Енді бүгін Тайвань әскері де аралдың оңтүстігінде жаттығулар бастады. Билік олардың жағдай шиеленіспей тұрып, баяғыда жоспарланып қойғанын айтады. Алайда ақпарат құралдары бұл Қытайдың әрекетіне жауап ретінде жасалғанын және оның мақсаты қарулы қақтығыс басталған жағдайда артиллерияның жауныгерлік қабілетін тексеру екенін хабарлайды. Бұдан бөлек Тайвань қарулы күштері қыркүйектің басында тағы оқу-жаттығу өткізетінін ескертіп отыр. 

Лу Вой-Цзе, Тайвань әскерінің өкілі:

- Жаудың басқыншылығына қарсы тұру үшін бізде тиісті дайындық жұмыстары өтеді. Біздің жауынгерлердің міндеті Отанын қорғау. Жағдайға қарамастан біз жаттығып, күш жинауымыз керек.