Германияда Күн панельдеріне сұраныс артып келеді

Жеке үйлердің иелері де, кәсіпорындар да жаңартылатын энергия көздеріне қызығушылық танытып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хандельсблат басылымының мәліметінше, биыл жарты жылда елде 158 мыңдай Күн панелі орнатылды. Салыстырып көрсек, былтыр бір жылдың ішінде осындай 235 мың құрылғы сатылған болатын. Германия үкіметі 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияның үлесін 80 процентке жеткізуді көздеп отыр. Әзірше оның үлесі 50 проценттен аспайды. Еске сала кетейік, ресейлік газдың жеткізілуі тұрақсыз болғандықтан, алдағы қыста Германияда көгілдір отын тапшы болуы мүмкін. 

Вольфганг, кәсіпкер:

- Соңғы кезде Күн панельдеріне сұраныс үш есе өсті. Жұрт қазбалы отыннан тәуелсіз бола алатынын түсіне бастады. Күн панельдерімен қатар энергия жинақтайтын аккумуляторларға да сұраныс артып келеді. Осылайша тұрғындарымыз ақшасын үнемдеумен қатар, таза энергияға ауысу ісіне үлесін қосқысы келеді.