Доминикана Республикасында 10 күн жер астына қамалған кеншілер құтқарылды

Доминикана Республикасында 10 күн бойы жер астында қамалып қалған 2 кенші құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

31 шілдеде олар жұмыс істейтін кен орнында жартас үгіліп түсіп, шығар есікті бітеп тастаған болатын. Содан бері арнайы мамандар, геологтар мен кен инженерлері күн-түн демей, құтқару ісімен айналысты. Көрер жарығы бар қос жұмысшыны ел президенті өзі қарсы алды. Кеншілерге сол жерде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, кейін тікұшақпен жақын маңдағы әскери ауруханаға жеткізілді.

Луис Абинадер, Доминикана президенті:

- 10 күн бойы мықтылығын дәлелдеген бұл кеншілер үлкен қошеметке лайықты. Олардың бұл ерлігін үлгі қылуға әбден болады. Бүкіл халықтың мазасын алған күндері тілеулес болған барша ағайынға шексіз алғысымды білдіремін. Мұндай оқиғаның қайталанбасы үшін біз барымызды саламыз.

МЕКСИКАДА 10 КЕНШІ ӘЛІ ҚҰТҚАРЫЛҒАН ЖОҚ   

Ал Мексика президенті 3 тамыздан бері жер астында қалып, әзірге табылмай отырған 10 кенші осы аптада құтқарылып қалуы мүмкін деп мәлімдеді. Бір жеті бұрын жүргізілген қазба жұмысы кезінде экскаватор кен орнының жерасты қабырғасын бұзып, су құйылған болатын. Құтқару ісіне сүңгуірлер тартылды.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

- Құтқару жұмысына ешнәрсе бөгет болмаса, ертең не бүрсігүні сүңгуірлер кеншілерді құтқарып қалуы мүмкін. Ол үшін жер астындағы су деңгейін 1 жарым метрге азайтуымыз керек.

Сондай-ақ...