Грузияда кредит алу қиындайды

Грузияда несие алу қиындайды. Әсіресе тұтыну кредитін алу мерзімі қысқармақ. Өйткені ересек тұрғындардың жартысынан астамы банктерге қарызға батқан. Оның үстіне елдегі инфляция деңгейінің артуы "жығылғанға жұдырық" болып жатыр.

Грузия билігі жеке тұлғаларға несие беру үдерісін тежеуге шешім қабылдады. Елде қазіргі сәтке дейін берілген кредит көлемі 7 жарым миллиард доллардан асады. Ұлттық банктің мәліметі бойынша бір жылдың ішінде тұрғындардың қаржы ұйымдарға берешегі 34 пайызға өскен. Мұндай теріс тенденция қымбатшылық тудырмай тұрмайды дейді мамандар. 

Коба Гвенетадзе, Ұлттық банк президенті:

- Инфляция күннен күнге күшейіп барады. Осындай қысылтаяң кезде тұтыну несиесінің көлемін одан сайын арттыру экономика үшін де, халықтың әл-ауқаты үшін де ауыр тимек. Жағдайды жан-жақты бағамдай келе және банк мамандарымен ақылдаса отырып, несие алу мерзімін 3 жылға қысқарттық.

Бұған дейін тұтыну несиесі 4 жылға берілетін. Экономистер кредит мерзімінің қысқаруы қарапайым тұрғындар үшін ауыртпалық әкеледі дейді. Себебі пайыздық мөлшерлеме өседі. 

Ото Абесадзе, Кавказ Университетінің профессоры:

- Енді бұрынғыдай 4 жылға созып, пайыз мөлшерлемесін азайтып төлеу мүмкіндігі болмайды. Халық 4 жылдық мерзімге үйреніп те қалған еді. Алайда мемлекеттік тұрғыдан бұл тиімсіз. Ол да экономикаға кері әсер етеді. Сауда-саттық саласына да теріс ықпалы болады.

Десе де, ресми шешім қабылданды, жаңа ереже 15 тамызда күшіне енеді. Аталған шектеу әзірге 1 жылға дейін сақталады. 

Юлия Тужилкина