Йеменде су тасқынынан 38 адам қаза тапты

Йемендегі су тасқыны 38 адамның өмірін жалмады. Маусымдық нөсер елдің астанасы мен оңтүстік-батысына соққы берді. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша көше-көшені жайлаған топан су ондаған үйді шайып кеткен. Тарихи-мәдени ескерткіштерге зақым келген.

Синоптиктердің айтуынша, маусымдық нөсердің қарқыны жылдағыдан қатты болып тұр. Наурызда елді құрғақшылық жайласа, жаз мезгілінде күн құрғатпай жауын жауды.

«Бұның бәрі жаһандық климаттың өзгергенінің белгісі», - дейді мамандар.

Жергілікті тұрғын:

- Бала кезден осында тұрамын. Мұндай нөсерді алғаш көруім. Тоқтамай төрт күн бойы жауды. Соңғы рет мұндай жаңбыр 1970 жылдары жауған. Бірақ өлім-жітім болған жоқ еді.

Қытайда нөсер жауынның соңы селге ұласты 

Қытайдың солтүстігінде жауған нөсер салдарынан сел жүрді. Ғаламторда таралған мына бейнеден Шаньси аймағындағы лай көшкінінің көліктерді ағызып бара жатқаны көрінеді. Синоптиктердің мәліметі бойынша нөсер жауын тоқтамай 13 сағат бойы жауған. Аймақтың кей жерінде жауын-шашын мөлшері 200 милиметрден асқан. Қазір өңірде төтенше жағдайдың салдары жойылып жатыр.